Қазақстандықтарға үйден қашан емін-еркін шығуға болатыны белгілі болды

Саябақта серуендеуге шыққан тұрғындар маска тағуға және әлеуметтік ара қашықтықты сақтауға міндетті. Өңірлерде бір апта бойы коронавирусты жұқтыру өсімі 7 проценттен аспаса, тұрғындарға үйден еркін шығуға рұқсат етіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұл туралы бас мемлекеттік санитар Айжан Есмағамбетованың 10 мамырдағы қаулысында айтылған.

Облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері жеті күн ішінде коронавирус инфекциясын жұқтыру өсімі 7%-тен аспаған жағдайда халықтың үйден еркін шығуына рұқсат беруді қамтамасыз етуі тиіс. Екі немесе одан да көп адаммен бірге серуендеген жағдайда маска тағу және әлеуметтік ара қашықтықты сақтау міндетті.

3 адамнан аспайтын топпен немесе бір отбасының мүшелеріне әлеуметтік ара қашықтықты сақтай отырып, саябақтарға, алаңдарға, скверлер мен жағалауларға баруына рұқсат етіледі.

Аулаға шыққан тұрғындар да (3 адамнан аспайтын топ немесе бір отбасы мүшелері) әлеуметтік ара қашықтықты сақтауы тиіс.

Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер бекіткен қосымша талаптарды және күшейтілген санитарлық-залалсыздандыру режимін міндетті түрде сақтай отырып, өңірлер арасында (әуе рейсімен) кіріп-шығуға рұқсат етіледі.

Бұдан бөлек, саяжайға бару үшін елді мекеннен шығуға және кіруге рұқсат беріледі.

Қазақстанда 15 наурызда енгізілген төтенше жағдай режимінің мерзімі аяқталды. Алайда облыстар мен үш мегаполисте карантин режимі әлі де сақталады.

Понравилась статья? Поделиться с друзьями:
Qazbrand.info әлеуметтік желісіне бөлісу