Павлодарда коронавирустан көз жұмған ер адам өлімінің мән-жайы белгілі болды

57 жастағы Павлодар қаласының тұрғыны қант диабетімен есепте тұрған, ауруханаға түскен кезде бронхит диагнозы қойылған. Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы коронавирустан көз жұмған науқас туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

COVID-19 сәуір айының 23-і күні Павлодар қаласының 57 жастағы тұрғынынан табылды. Ер адам инфекциялық стационарға жатқызылған.

“Ер адам ауруханаға түскен кезде бронхит диагнозы қойылды. Науқастың жағдайы орташа ауыр дәрежеде деп бағаланды. Пациент 2-типті қант диабетімен есепте тұрған”, – делінген хабарламада.

26 сәуірде жағдайының нашарлауына байланысты ер адам инфекциялық госпитальдің реанимациялық бөліміне ауыстырылды.

29 сәуірде науқастың тыныс алуы нашарлап, ол аппаратқа қосылған.

2 мамырда ер адамның жағдайы күрт нашарлады. Павлодарға Нұр-Сұлтан қаласынан кардиохирург шақырылды.

“Реанимациядан кейін емделушіде жүрек-тыныс алу және бүйрек жеткіліксіздігі өршiдi. Жүргізілген қарқынды терапияға қарамастан пациенттің жағдайы нашарлады. Емдеу денсаулық сақтау министрлігінің диагностикалау және емдеу хаттамасына сәйкес жүргізілді”, – деп хабарлады басқармадағылар.

Ер адам 6 мамыр сағат 20:40-та көз жұмды.

Бүгінгі жаңалықтар