«Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беруге болмайды» – журналист

5eb24df1ce8b6834143671

Әлеуметтік мәселелер жөнінде ұдайы пікір білдіріп жүретін тәуелсіз журналист Өмірзақ Ақжігіттің пайымдауынша, Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» дегеннен гөрі «Қазақтың ұлттық батыры» деген атақ лайық екен. Бұл жайлы ойын ол, facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның бұлай деуіне себеп жоқ емес. Мәселен ол, даңқты қолбасшыға неліктен мұндай атақ беру керектігі жайлы уәжін жіпке тізді. Мұнан бөлек, Баукеңе бұл атақты Жеңістің 75 жылдығына орай беру керек деген ұсынысын жеткізді.

«Б.Момышұлына «Халық қаһарманын» беруге болмайды! Неге?

Мен Баукеңді бұл атаққа лайық емес деп отырған жоқпын. Керісінше, ол атақ Баукеңнің атына лайық емес! Баукеңе «Қазақтың ұлттық батыры» деген арнайы, ерекше атақ берілуі керек және оны кейінге қалдырмай, Жеңістің 75-жылдығының алдында берсек, тіпті, дұрыс болар еді.

Француздар Жанна д Арктен кейін Шарль де Голлді «Француздың Ұлттық Батыры» деп ресми таныды. Дәл сол секілді Бауыржан Момышұлы – ұлттың символы! Ұлттың ар-намысы! Ұлттың ұяты! Орысша айтсақ – «Совесть нации!» Осы атаудың бәріне бір өзі лайық. («Ұлттың ұяты» деп ол кісіден басқа тек Герольд Бельгерді атауға болады.)

Негізде, дәлелде десеңіздер:

1. Жүректің ғана емес, ақылдың да теңдессіз батыры – соғыс кезінде 5 рет қоршаудан батальонын аман алып ғана қоймай, оның құрамын көбейтіп алып шығып отырған жалғыз командир.
2. Ұлттық мүддені әрқашан ту етіп, биік ұстаған, өз мүддесінен жоғары қойып отырған. Тым ұлтшыл болмаса тез-ақ көтеріліп кететінін көріп отырса да, одан таймаған.
3. Ұлттық мәселеде ешқашан пендешілік деңгейге түспеген. Түскендерді кім болса да кешірмеген. 1970 жылы, 9-мамырда, Жеңістің 25 жылдығының құрметіне орай өтіп жатқан Әскери парадқа шақырылмаған соң өзі барып, Д.Қонаев пен Б.Әшімовтың арасына таяғын тығып, екеуін екі жаққа қарай итеріп-итеріп жіберіп, ортасына тұрып алып, Парадты өзі қабылдаған.
4. Адамгершілік тұрғыдан әрқашан биіктен көрінген. Аға сұлтан Есеней секілді «Құдайдың менің алдымда болмаса, менің Құдай алдында күнәм жоқ» деп айта алатындай хақысы болған адам.
5. Жазушылығы жағынан да теңдессіз «Ұшқан ұяны» қалдырса, «Аңыз бен ақиқаттың» бейресми соавторы болған.

Енді өздеріңіз ойлаңыздаршы, бұл атақты алған азаматтармен батыр болсын, әнші болсын, совхоз директоры болсын, бәрі де лайық жандар – қалай Баукеңді бір деңгейге қоюға болады, обал емес пе?! Алла Тағалаға Баукеңді бергені үшін сансыз алғыс айтайық та, өзіміз әлемде санаулы дара тұлғаның қадіріне жете білейік те!

(Өзбектерде Бауыржан болғанда, олар бұндай ұсынысқа сол сәтте іске асырар еді деп ойлаймын. Себебі, онсызда олар «Құдай дарынды қазаққа берген, қадірін бізге берген» деп, әския айтады бізге).

Түйін: Болашақта «Ұлттық Батыр» деген атаққа ұсыну үшін ұрпағымыз мың ойланып, сан толғанып барып қимылдар. Баукеңнің аруағы ойландырмай қоймайды!», – деп журналист ойын түйіндеді.