«Күйеуі көшеде басын жарып, қолын шапқылап кеткен»: Түркістан облысында жантүршігерлік оқиға болды

news full1588656078d9985833a730cec130f6d33cff5866a5

Түркістан облысы Келес ауданындағы Абай ауылында күйеуі өз әйелін көшеде кетіп бара жатқан жерінде балтамен ұрған. Басы мен қолынан жараланған 46 жастағы әйелдің бір көзі көрмей қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жан сақтау бөлімінен палатағы ауыстырылған Әлия Әйтімбетова екі аптадан бері үнемі ұрып-соғатын күйеуінен кетіп, қыздарымен бөлек үйде тұрып жүргенін айтты.

Абай ауылындағы емханада медбике болып істейтін әйел ауруханаға қолы шабылған, басы балтамен жарылған күйінде түскен.

Оқиға таңертең, Әлия жұмысқа бара жатқан кезде болған.

«Жұмысқа шығып келе жатқанымда күйеуім Матқұлов Мұрат мені балталап тастады. Тегі сөзге келмейді, «өлтіремнен» басқаны айтпайды. 15 жыл отандасып, 16 жылдан бері көретін жәбірім сол. Тек зорлық пен зомбылық. «Жақындама маған, не болды саған, тыныштық па?» – десем, «Сөйлеспеймін, сені өлтірем, сені өлтірем» – деп, мені балталап тастады», – деді Әлия Әйтімбетова.

Елуді еңсерген Матқұлов Мұрат шабуыл жасаған кезде, әйелдіңшыңғырған дауысын естіген екі жүргінші жігіт жүгіріп келген. Содан кейін күйеуі қашып кеткен.

Белгілі болғандай, оқиға орнында көшені бақылайтын камера орнатылған. Бірақ ол әлі іске қосылмапты.

Көп қан жоғалтып, тым ауыр жағдайда ауруханаға түскен Әлияның тірі қалуы үшін дәрігерлер жарты күн ота жасаған. Тіпті, санавияция желісімен облыстан бірнеше дәрігер келген.

«Басында, оң жағында жара, балтамен шабылған. Қолында, оң қолында, білегінде кесілген жарақаты және 5-ші саусағы сынған. Оның бәрі тігіліп, орнына қойылды», – деді Келес аудандық ауруханасы жарақаттану бөлімінің меңгерушісі Рүстем Раисов.

Бұл отбасының көршілері де Мұрат туралы жақсы пікірде емес екен. Қара базарда валюта айырбастап, ақша табатын Мұрат көршілерімен де сөйлеспейді-міс. Ал Әлия соңғы уақытта көршілеріне көп шағымданыпты.

«Күйеуім ұрады, мені де ұрады, қыздарды да ұрады, қыздар да азап-безер болды», – дейтін. Өзі сәл біртүрлі, сол Мұрат», – деді көршісі Майра Егембердиева.

Қазіргі таңда Матқұлов Мұрат ұсталған. Күдіктіден және әйелді ұрған балтасынан сараптама алынған, тергеліп жатыр.

Дегенмен, Әлия Әйтімбетованың туыстары оны жазадан құтылып кете ме деп қорқады.

«Ажырасып та көрді бұнымен. Әйтеуір екі қызы жетім болмасын, осылар әкесі жоқ боп өспесін деп, жалынып келгеннен кейін, Құран ұстап, бізге ант-суын ішкеннен кейін, біз жарастырып… Осы уақытқа дейін жазаланбады ғой – бұл. Неше рет ұрды, басқа қылды. Әйтеуір шығып кете береді ғой, тыныш қана. Енді осыдан құтылып кетпесін, әділ жазасын алсын», – деді жәбірленушінің жеңгесі Жанар Әйтімбетова.

Әлия Әйтімбетованың туыстары бұл істі прокуратура ерекше қадағалауға алғанын қалайды.

Ал әйелін балталап, қансыраған күйінде тастай қашқан күдіктіге қатысты полицейлер «адам өлтіруге оқталу» бабымен іс қозғады.