Үш млн адамға 42 500 теңге неге төленбегені белгілі болды

12660078

Банктер 800 мыңнан астам адамның ақшасын кері қайтарған. Өйткені өтініште көрсетілген есепшоттар жабылып қалған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов үш миллионға жуық қазақстандыққа неге әлеуметтік төлем төленбегенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Біз үш миллионға жуық адамның өтінішін кері қайтардық. Бірінші себеп жеке сәйкестендіру нөмірін (ИИН) немесе кәсіпорынның жеке сәйкестендіру нөмірін дұрыс көрсетпеген. Ол жерде он екі цифр бар, соны дұрыс көрсеткен жөн. Сол қателерді түзеп, қайтадан жіберу керек», – деді Нұрымбетов онлайн брифингте.

Айтуынша, 160 мың дай адам осындай қате жіберген.

Екінші себеп банктің реквизиттеріне қатысты. Өтініште KZ.. деп басталатын  20 санды көрсету қажет. Ал кейбіреулер карточкасының нөмірін, яғни он алты цифрды жазып жіберген.

«Біз ақшаны банктегі есепшотыңызға жібереміз. Кейін оны банк сіздің карточкаңызға аударады», – деп түсіндірді министр.

Оның сөзінше, банктер 800 мыңнан астам адамның ақшасын кері қайтарған. Өйткені өтініште көрсетілген есепшоттар жабылып қалған екен.

«Сондықтан біз ақшаны сіздің сол банктегі ашық тұрған шотыңызға аудардық», – деді Нұрымбетов.

Тағы 70 мыңдай азаматтың банктерде жиырма сандық есепшоты болмай шықты. Оларға басқа банктің есепшотын көрсету туралы СМС жіберіледі.

«Үшінші себеп, мемлекеттік қызметкерлердің өтініш беруі. Бұл жерде айтарым, мемлекеттік органдарда, мемлекеттік ұйымдарда істейтін азаматтарға әлеуметтік төлем төленбейді. Себебі олардың жұмысы шектелген жоқ, қашықтан істеп жатыр», – деді министр.

Әлеуметтік төлемнің тағайындалмауына мемлекеттік сақтандыру қорына соңғы он екі айда бірде-бір жарнаның түспеуі себеп болған.