«Гуманитарлық жүк ұрланды»: Алматы халықаралық әуежайының ресми өкілі жауап берді

5e982eb91e810815609983

Алматының халықаралық әуежайы «Польшаға арналған гуманитарлық жүк ұрланды» деген болжамды жоққа шығарды. Қытайдан келген ұшақ Алматы қаласында екі рет жанар-жағармай құю үшін аялдаған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Украинаның «Мрия» атты алып ұшағы Варшамаға медициналық жүк жеткізген. 12 сәуірде Қытайға ұшып бара жатқанда Алматы әуежайында қонып, жанар-жағармай құйған. Ал 14 сәуірде қайтар жолда екінші рет аялдаған. Сол кезде борттан ұшақты жетектегіш құралын шығарып, тұраққа қойған болатын.

Ресми мәліметке сәйкес, барлық тұрақтар тәулік бойы бейнебақылауға түсіріледі. Жазба бір ай сақталады.

Әуежай қызметкерлері гуманитарлық жүктің салмағын да түсіндірді.

«Польшаға медициналық құралдардың, соның ішінде маскалар, комбинезондар және тағы басқа заттардың жеткізілгенін ескеру керек. Ондай жүк көп орын алады, ал салмағы аз. Оған қоса, 400 тонна жүк жеткізілуі тиіс деген, ал ұшақтың жүк көтеру көрсеткіші 250 тонна ғана», – деп атап көрсетті мамандар.

Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы Польша тарапынан наразылықтың болмағанын хабарлады.