Полицейлер Сарыағаш саунасында сұмдық істің үстінен түсті

2915737

Қазіргі кезде сауна иесіне хаттама толтырылып, оған қатысы бар күдіктілердің үстінен қылмыстық кодекс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Sputnik. Түркістан облысының Сарыағаш ауданында жеңгетайлық жасау мен притон ұйымдастыру қылмысы әшкереленді, деп хабарлады Polisia.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, Түркістан облысының криминалдық полиция басқармасына Сарыағаштың бір тұрғыны шағымданған. Ол өз арызында Сарыағаш қаласының бір саунасында жеңіл жүрісті қыздардың барын және жеңгетайлық қызмет көрсетілетінін мәлімдеген. Соның негізінде полицейлер жедел іздестіру шараларын жүргізген.

«Тексеріс нәтижесінде арызда көрсетілген саунаның шынымен де жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Жеңгетайлық жасаған жас қыз да ұсталды. Оған қоса, саунада қызмет көрсеткен Өзбекстанның екі азаматшасы мен Шымкент қаласының бір тұрғыны тұтқындалды. Олардан айғақты зат ретінде ақша тәркіленді», – деді полиция өкілдері.

Қазіргі кезде көрші елдің екі азаматшасы Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, арнаулы орталыққа қамалды. Ал сауна иесіне әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы (төтенше жағдай режимін бұзу) бабымен хаттама толтырылды.

Сонымен қатар, қылмыстық кодекстің 309-бабы (жезөкшелікпен айналысу үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.