Назарбаева: Сын сағатта бірде-бір адам қамқорлықсыз қалмайды

239037

Сенат спикері ешкім қамқорлықсыз қалмайтынын, ол үшін мемлекетте қажетті ресурстардың бәрі бар екенін атап өтті.

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева төтенше жағдай кезінде мұқтаж азаматтардың барлығына көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Ең бастысы осындай сын сағатта бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайтынын түсінуіміз керек. Ол үшін біздің мемлекетімізде қажетті ресурстардың бәрі бар. Қазіргідей қиын сәттерде, бізге – барша қазақстандықтарға қоғамдағы бірлігіміз бен ынтымағымызды сақтап қалу өте маңызды», – деді спикер сенат отырысында.

Назарбаева кез келген дағдарыс мемлекеттің, қоғам мен адам құндылықтарының беріктігіне сын екенін атап өтті.

«Сенаторлардың және өзімнің атымнан, әрдайым, қиын сәттерде ынтымақтасып, бірлік көрсетіп отырған Қазақстан халқына, түсіністік пен сабырлық танытқан еліміздің әрбір азаматына зор алғысымды білдіремін», – деді ол.

Сонымен қатар, коронавирустың салдарынан жақындарынан айырылған отбасыларға көңіл айтты. Сырқаттанып жатқан азаматтарға тез арада айығып кетуін тіледі.

Бұдан бөлек, медицина, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскерилер мен еріктілерге ризашылығын білдірді.

«Бұл қызметкерлерге қазір оңай тиіп жатқан жоқ. Өйткені олар індеттің меңдеуін тоқтатуға күш салып, ауруханалар мен инфекциялық бөлімшелерде науқастарды емдеп, адам өмірін сақтап, көшелерде, блокбекеттерде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, күнделікті ерлік жасап жатыр. Бұл күресте алғы шепте жүрген азаматтарға айтылған алғысыма Қазақстанның әрбір азаматы қосылатынына сенімдімін», – деді Назарбаева.

Сондай-ақ, қиын кезеңде мұқтаж жандарға қайырымдылық пен қаржылай қолдау көрсетіп жатқан кәсіпкерлерге ерекше алғыс білдірді.