Табысынан айырылған екі жүз мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алды

12492639

Әлеуметтік төлем алуға 1 миллион 688 мың 131 азаматтан барлығы 2 миллион 755 мың 866 өтініш келіп түскен.

Sputnik. Төтенше жағдай кезеңінде табысынан айырылуына байланысты 216 922 адамға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем тағайындалды.

8 сәуірдегі мәлімет бойынша әлеуметтік төлем алу үшін 1 миллион 688 мың 131 азаматтан барлығы 2 миллион 755 мың 866 өтініш келіп түскен.

«Осылайша, 1 миллион 67 мың 735 қайталанатын өтінім тіркелді. Өтініштерді қарау мерзімдерінің ұлғаюына жол бермеу мақсатында азаматтардан өтінішті бір рет беруін сұраймыз», – делінген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан хабарламада.

Деректерді тексеру және өтінішті қарау мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорында төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді.

Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.

Төтенше жағдай кезеңінде табысынан айырылған жағдайда бір адамға айына 42 500 теңге мөлшерінде төмендегі санаттарға әлеуметтік төлем беріледі:

  • шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
  • карантин енгізілген елді мекендерде қызметін атқаратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
  • мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
  • жеке кәсіпкерлерге;
  • жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
  • бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;
  • нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы (бұдан әрі – АҚС) шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдар.