«Жаным қиналып жатыр». Дәрігерлер коронавирусқа сенбейтіндерге үндеу жасады

photo 315746

Бүгінде көп адам коронавирус індетіне байланысты үйде оқшауланған. Ал дәрігерлер қазір қауіпті індетпен күресіп жатыр. Әлемнің түкпір-түкпірінен дәрігерлер коронавирус жұқтырғандардың қалай қиналып жатқанын айтып, әсерлі хабарлама жіберген. Tengrinews.kz тілшісі коронавирус туралы әлем халқына үндеу жасаған дәрігерлер жайлы баяндайды.

«Маска тағып жүргеннен мұрным тітіркеніп кетті»

Англиядағы ауруханалардың бірінің жансақтау бөлімінде жұмыс істейтін Ширли Уоттс кеше видеоүндеу жариялаған. Ол көзіне жас ала отырып, жұмыс істеп жүрген ауруханада дәрігерлер жетіспейтінін, салдарынан медбикелердің өз өміріне қауіп төндіруге мәжбүр болып жатқанын айтады.

«Түріме қараңыздаршы. Маска тағып жүргеннен мұрным тітіркеніп кетті. Оны таңғы жетіден бері шешпей тағып жүрмін. Жағдай ушығып жатыр. Ауруханада да жағдай қиын. Қолымыздан келгеннің барлығын жасап жатырмыз», – дейді медбике.

Медбикенің айтуынша, инфекцияның таралуының алдын алудың тек біржолы бар – ол үйде отыру.

«Біз адам өмірін сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Сіздерді және жақындарыңыздың өмірін аман алып қалуға тырысып жатырмыз. Сіздердің менің дәл осы жағдайдағы түрімді көргендеріңізді қалаймын. Адамдарға мұның қаншалықты қауіпті екенін түсіндіргім келеді», – дейді ол.

«Алты сағат ештеңе ішпеймін»

23 жастағы Алессия Бонари Италияның Милан қаласындағы ауруханада медбике болып жұмыс істейді. Ол коронавирус жұқтырған науқастарға қамқорлық жасайды. Ол Instagram желісіндегі парақшасына кезекшіліктен кейінгі суретін жариялап, неден қатты шаршағанын айтқан.

Оның айтуынша, қазір медицина қызметкерлері COVID-19 эпидемиясы салдарынан қатты қысым көріп отыр. Олардың науқастарға тәулік бойы көмектесуі керек. Ал бұған қорғаныс киімін қосыңыз, бұл дәрігерлерге үлкен қолайсыздықтар туғызады екен.

«Физикалық тұрғыда шаршадым, өйткені қорғаныс киімі нашар. Денем халатта дем алмайды, үнемі терлеймін. Киініп алған соң, жуынатын бөлме мен дәретханаға бара алмаймын, сондықтан алты сағат ештеңе ішпеуге мәжбүрмін», – деп жазады медбике.

"Жаным қиналып жатыр". Дәрігерлер коронавирусқа сенбейтіндерге үндеу жасады
© instagram.com/alessiabonari_ 

Бірақ Алессия дәрігер болғанына өкінбейтінін айтады. Тек халықтан денсаулығын сақтауды сұрады.

«Сіздерден біздің кетіріп жатқан күш-жігерімізді бағалағандарыңызды сұраймын. Альтруист болыңыздар, үйден шықпаңыздар. Осылайша сіз өзіңізді қорғайсыз және денсаулығы әлсіз адамдарға көмектесесіз», – деді аурухана қызметкері.

«Жағдай нашарлайды деп ойлаймын»

Ал 19 жастағы медбике Люси Хатчингс англиялық Саутгемтондағы ауруханада жұмыс істейді. Ол Daily Mail басылымына коронавирус жұқтырған науқастардың жағдайы туралы айтып берген. Бойжеткен күніне 13 сағат жұмыс істейді екен.

«Бізге аурудың соңғы сатысындағы адамдар келеді. Көптеген науқасқа өкпеге тыныс беру аппараты қажет. Вирус жұқтырғандардың көпшілігі 60 пен 90 жас аралығында», – дейді ол.

"Жаным қиналып жатыр". Дәрігерлер коронавирусқа сенбейтіндерге үндеу жасады

Хатчингс адамдардың коронавирус инфекциясынан қиналып жатқанын көру қиын екенін айтады. Оның сөзінше, ол вирус жұқтырғандардың көздерінен қайғы көреді екен.

«Қатты қорқамын. Жағдай нашарлайды деп ойлаймын. Бұл тек бастамасы сияқты. (…) Көп адам «Ой, маған жұқпайды» деп ойлайды. Бұлай ойлауға болмайды. Бұл вирус күн сайын жүздеген адамды өлтіріп жатыр. Халық осыны тезірек түсініп, үйде отырса, мұның бәрі жылдам аяқталады», – дейді 19 жастағы медбике.

«Кейбірі коронавирус жұқтырғанына сенбей жатады»

Қазақстандық дәрігерлер де қазір індетпен күні бойы күресіп жатыр. Солардың бірі – алматылық инфекционист Айнұр Садықова. Ол үш аптадан бері жарымен, балаларымен кездеспеген. Олармен тек видео арқылы сөйлеседі екен.

TengriMIX-ке берген сұхбатында ол қызына берген уәдесін орындай алмай қалғанын айтқан. Биыл 9 жасқа толатын қызына ролик сыйлауға уәде берген екен, бірақ жұмыстан босай алмаған.

«Ең алдымен, өз отбасым үшін қорықтым. Өйткені, мен індетпен бетпе-бет келуге мәжбүр болдым. Мен дереу отбасыма қаладан шығып кетуді сұрадым. Жарым үйдегі барлық шаруаны өз мойнына алып, балаларға қамқор болып отыр», – дейді Садықова.

"Жаным қиналып жатыр". Дәрігерлер коронавирусқа сенбейтіндерге үндеу жасады
Айнұр Садықованың мұрағатынан 

Ол 13 наурыздан бері жұмысы артқанын айтады.

«Кейбірі коронавирус жұқтырғанына сенбей жатады. Бұған күмәнданады, ешнәрсе мазаламайтынын дәлелдеуге тырысады. Вирус жұқтырып, белгілері көрінбейтін кездер де болады. Біз анализден қорытынды жасаймыз. Науқастар қорқады, көптеген сұрақ қояды: не болады, салдары қандай, ол басқаларға жұқтырмады ма? Мұндай эмоционалдық толқыныстар қалыпты жағдай. Біз олармен сөйлесіп, қажетті көмекті көрсетеміз», – деп түсіндірді дәрігер.

«COVID-19 оқтан да бетер көрінеді»

АҚШ-тың Теннесси штатында коронавирус жұқтырған медбике видеоүндеу жасады. Видео Facebook желісіндегі парақшасында жарияланды.

Видеода Шарека Уильямс (Shareka Williams) есімді медбикенің әрең сөйлеп тұрғаны көрінеді: пневмония үшін тыныс алуы қиындаған. Дем алған сайын өкпесі ауырады екен.

«Қозғалу немесе тамақтану маған қиынға соғады. Маған ешкім оқ атқан емес, бірақ COVID-19 оқтан да бетер көрінеді. Жаным қиналып жатыр», – дейді медбике.

Уильямс вирустың алдын алу шараларын қабылдауға кеңес береді.

«Бұл әзіл емес. Асқынып кетуін күтпеңіз. Бұл дерттің сізге, сіздің отбасыңызға, балаларыңызға жеткенін күтпеңіз», – деп өтінеді ол видеода.

Медбикенің бұл видеоүндеуі 80 мыңнан аса қаралым жинап, оған 1000-нан аса пікір жазылған.