Еңбек министрі банкте есепшоты жоқ адамдарға 42500 теңгелік төлемді қалай алуға болатынын айтты

news full158615183604f3e5f932e7247d445bba4f21a16072

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов банкте есепшоты жоқ азаматтарға 42500 теңгелік жәрдемақы төленетінін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Жәрдемақыға өтініш берер кезде міндетті түрде банктегі есепшотты көрсету керек. Біраз азаматтардың есепшоты жоқ екені анықталды. Сондықтан олар 42500 теңгелік төлемге іліне алмай қалдық деп, жаппай банктерге ағылуда. Бұл жағдайда байланысты банктер наразлықтарын айтып жатыр. Осы мәселені шешу үшін біз бірқатар жұмыс атқардық. Егер сіздің ешқандай банкте есепшотыңыз жоқ болса, есепшот деген жерге ешнәрсе жазбай өтініш қалдырасыз. Егер біз сіз жәрдемақыға лайықтысыз деп тапсық, міндетті түрде 42500 теңгені тағайындаймыз. Сіздің есепшотты жасатқанша, біз бір айға дейін күте аламыз.

Осы тұрғыда қазақстандық банктерге үндеу жасағым келеді. Қазіргі осы қиын кезеңде біз секілді халықтың өтінішін қашықтықтан қабылдап, олардың есепшоттарын ашып беріп, карталарын курьерлер арқылы үйлеріне жеткізіп берсеңіздер нұр үстіне нұр болар еді. Барлық банктерді бізбен бірлесіп, халықтың ыңғайына жұмыс істеуге шақырамын», – дейді Нұрымбетов.

Бұған дейін әлеуметтік жәрдемақыны алу үшін банктердің алдында сағаттап отыруға мәжбүр болған тұрғындар жайлы айтылған болатын.