Таразда хайп қуып, төтенше жағдай кезінде жол ережесін бұзған жүргізуші желі қолданушыларының сынына қалды (видео)

news full1586240897e14f1c6d884110f4bce6871580df1bfa

Таразда төтенше жағдай режимін және жол қозғалысы ережелерін бұзып, өз қылығын әлеуметтік желіге жүктеген жүргізуші қолға түсті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерде жол қозғалысы ережелерін  бұзып қана қоймай,  ел аумағына енгізілген төтенше жағдай режимін елемеген “Лада” көлігінің жүргізушісіне қатысты бейнежазба жарияланды.

Тараз қаласының көшелерінде шектен шыққан тәртіпсіз әрекеттері бейнеленген белгісіз тұлғаның бейне түсірілімі желіде кең таралып, тәртіп сақшыларының назарынан тыс қалмады.

Бейнежазба бойынша жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізген Тараз қаласының полиция басқармасы жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері “Лада 21703” маркалы автокөлігінің 23 жастағы жүргізушісінің жеке басын анықтап, жауапкершілікке тартты.

«Құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 601-бабының 2-бөлігімен (жол белгілерімен немесе жолдың жүру бөлігінің таңбаларымен белгіленген талаптарды сақтамау), 590-баптың 5-бөлігімен (көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу, атап айтқанда жүргізушіге шолуды шектейтін заттарды орнату) және 590-баптың 9-бөлігімен (мемлекеттік немесе міндетті техникалық байқаудан өтпеген көлік құралын басқару) әкімшілік хаттамалар толтырылды», – делінген ресми хабарламада.

Өз кезегінде Жамбыл облысының полиция департаменті жүргізушілерді төтенше жағдай режимі кезінде қозғалыстарды барынша шектеп, аса қажет болған жағдайда ғана жолға шығуды, сақ болуды ескертеді. Көлік жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін, жол белгілерінің нұсқамаларын қатаң сақтап, көлік құралдарының тұраққа қойылуы мен тоқтауы, пайдалану ережелерін жауапкершілікпен мүлтіксіз орындауы қажет.