«Алатау ауданы әкімдігі, сіздер не дейсіздер!?»: Тұрғындар еш саспастан көшеде жапа-тармағай су тасып жүр (ВИДЕО)

5e88267300528715719530

«Алатау әкімдігі жауап бермек түгілі, халықтың қамын да ойламайды. Карантинде үйінде жатқан шығар!? Тоқ бала аш баламен ойнамайды деп», «Мына трассаның бойында оралман қандасымыз бар. Сиыр-жылқысын жолға жіберіп қояды. Көшенің бәрі сиыр мен жылқының қиы».

Алматы облысына қарасты, Алатау ауданындағы «Шаңырақ 2» елдімекенінде қара халық төтенше жағдай жарияланғанына қарамастан, қолдарына баклашка ұстап, үйлеріне су тасып әлекке түсуде. Тұрғындардың су алу үшін кезекке тұрып жатқан сәті түсірілген видеоны әлеуметтік желіге Рауан Оқас деген азамат жүктеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Видеодан байқасаңыздар, су алуға келген адамдардың ешқайсының бетінде не бетперде, не қолдарында арнайы қолғап жоқ. Сірә, тұрғындар елде төтенше жағдай жарияланғанына тіпті, пысқырмайтын секілді. Видео авторының айтуынша, жұрт жама-тармағай ыдыстарын суға толтырып алып, көліктерімен тасып жатқан тіршілік көзін ешкім тексеріп, қадағаламаған көрінеді.

«Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл «Шаңырақ 2» елдімекені. Бұл жерде су шығатын бір жер бар. «Артизан суы» дейді әйтеуір, бірақ, тексерген ешкім жоқ. Жалпы, қысы-жазы елдер осы жерге келіп жатады. Қазір карантин уақытында да, мінекей, адам өте көп. Үйде жатқан ешкім жоқ, судың қамымен келіп, литрлеп алып жатады. Нағыз контакт осы жерде болмай ма!? Мысалы, кімнің келіп, кімнің кетіп жатқанын білмейсіз! Осы мәселеге жалпы, Алатау ауданының әкімдігі не деп жауап берер екен!?», – дейді видео авторы

Айтпақшы, жазба авторы су алуға келген бір адамға: «Карантин кезінде қорықпайсыз ба, мына жаққа 100-200 адам келіп жатады?» деп сұрақ қойды. Ол болса, еш саспастан: «Ой, көше адамдарының бәрі жүр ғой, әрі-бері. Магазиндерге барып жүрміз, мысалы» деумен шектелді.

Қызықты видеоларды қалт жібермейтін Facebook қолданушылары болса: «Біздің көшеде маскасыз, кішкентай бала мен әйелдер, ойнаған балалар қаптап жүр ғой. Ескертіп жатқан ешкім жоқ», «Алатау әкімдігі жауап бермек түгілі, халықтың қамын да ойламайды. Карантинде үйінде жатқан шығар!? Тоқ бала аш баламен ойнамайды деп», «Мына трассаның бойында оралман қандасымыз бар. Сиыр-жылқысын жолға жіберіп қояды. Көшенің бәрі сиыр мен жылқының қиы. Көрер көздері, естір құлақтары жоқ, малы туып жатыр. Дәл Жаңа трасса бойында, барахолкадан шыға беретін жол бойында не тазалық жоқ», «Халықтың ауруы сарсаң болғанын қалап отырған билік. Әйтпесе, азда болса есі дұрыс адам аурудың адам денесінде 14 күн сақталатынын біледі. Бізде қанын тексеріп жібере салады», «Қойыңдар, әкімі бар ауылға ұқсамайды», «Халық ішіп отыр. Өкімет жауып тастаса қайтеміз!?», «Масқара! Надандық!», «Бұл жерде қысы-жазы осындай», – деп жазуда.

«Бұл судың тазалығын тексерген адам жоқ. Вирус өршіп тұрған сәтте адамдар сонда қауіптенбей ме? Алатау ауданы әкімдігі, сіздер не дейсіздер!?», – деген азаматтың сұрағы елеусіз қалмасына сенейік. Себебі, естіген құлақ қашанда есебін береді емес пе!?