КОРОНАВИРУС: 11 НАУҚАСТЫҢ ЖАҒДАЙЫ АУЫР

2020 04 03 17 13 54

Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 11 науқас ауыр халде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтып берді.

Министрдің айтуынша, дүние жүзінде коронавирус жағдайы нашарлап келе жатыр. Науқастар саны 8,4 пайызға өсті, әлем бойынша бұл індеттен 53 мың адам көз жұмған.

«Елімізде коронавирус жұқтыру бойынша барлығы 453 жағдай тіркелген. Оның ең көбі Нұр Сұлтан (199) және Алматы (93) қалаларында. 29 адам емделіп, ауруханадан шығарылды. Қазір 11 науқастың жағдайы қиын. Олар интенсивті реанимация бөлімдерінде ем қабылдап жатыр. 68 пациент – орташа деңгейде, 341 пациенттің жағдайы жеңіл немесе симптомсыз науқастар», – деді Е. Біртанов.

Осы науқастармен байланыста болған 13 467 адам анықталған. Олардың арасында 442 азамат шетелге шығып кеткен. «Қалған 13025 азаматтың 96,7 пайызы табылып, стационарға және үйге оқшауланды. Бұл жұмыстар жалғасып жатыр», – деді министр.