Кімдерге бір жылға 8%-пен кредит беріледі

11429439

Ұлттық экономика вице-министрі төтенше жағдай салдарынан қиын жағдайда қалғандарға қандай қолдау көрсетілетінін айтты.

Төтенше жағдай салдарынан қиын жағдайда қалған шағын және орта бизнес субъектілеріне бір жылға дейін 8%-пен жеңілдікпен кредит беріледі. Бұл туралы ұлттық экономика вице-министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Президенттің тапсырмасымен қаржы регуляторлары шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау шараларын әзірледі.

«Ұлттық банк төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеудің жаңа бағдарламасын әзірлеуге кірісті. Бұл мақсатқа 600 миллиард теңге бөлінген. Кредит бір жылға 8% мөлшерлемемен айналым қаражатын толықтыруға беріледі», – деді Мәдиев онлайн брифингте.

Сонымен қатар, банктер, микроқаржы ұйымдары мен өзге де қаржы институттары мына талаптарды орындауға міндеттелді:

  • негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдердің мерзімі өтіп кеткеніне қарамастан, айыппұл мен өсімпұл есептемейді;
  • төтенше жағдайға байланысты қаржылық жағдайы нашарлаған ШОБ субъектілерінің төлемдері 90 күнге дейін шегерілді.