Сауль Альварестің (50-1-2, 34 KO) промоутері Оскар де ла Хойя «Канело» мен Геннадий Головкиннің (38-1-1, 34 КО) арасындағы әлеуетті үшінші айқас туралы айтты, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі Sports.kz-ке сілтеп.

«GGG-ның командасы үшінші айқастың болғанын қалайтыны белгілі. Бірақ біз шынайы түрде ойлауымыз керек. Себебі, спортшылар үлкен айқасты бастан өткерді. Екеуі де қатты шаршады, сондықтан оларды қайта кездестіру ақымақтық болар еді. «Канело» өзінің жұлдызды жолымен жүрмекші. Бұл шайқас оны сол жолға әкелді. Головкин бір-екі жеңіске қол жеткізіп қайта қалпына келіп алуы керек. Және одан кейін ғана біз кездесуді ұйымдастыруымыз мүмкін», – дейді Де Ла Хойя.

Естеріңізде болса, бұған дейін Головкиннің промоутері GGG мен “Канело” арасындағы үшінші айқастың қашан болуы мүмкін екенін айтқан болатын.

Айта кетсек, 16 қыркүйекте Лас-Вегастегі T-Mobile Arena-да 12 раундқа жоспарланған Головкин-“Канело” жекпе-жегі толық өтті. Кездесуде кімнің жеңіске жеткенін төрешілер шешіп, ұпай саны бойынша жеңісті Сауль Альвареске берді (115-113, 115-113, 114-114). Осылайша, отандасымыз  Геннадий Головкин спорттық мансабында алғаш рет жеңіліс тауып, орта салмақ дәрежесіндегі WBA Super, WBC және IBO нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулерінен айырылды.

Бөлісу:


Загрузка...
Жариялағанstan.kz