Ауыл әкімі төтенше жағдай кезінде тойға барған

5e84845a76480194807970
Төңкеріс ауылының әкімі Нұрманова Әлия Тәшкенбайқызы ағымдағы жылдың 28 наурыз күні сол ауылдың Сәтпаев көшесі №6 мекен-жайында орналасқан туысы Есмағамбетов Мұхтар Қамбарұлының үйіне өзі алып келіп, келін түсірген.

Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде Қызылорда облысында оның талаптарын бұзушылар күні бүгінге дейін азаймай отыр. Қарапайым халықты былай қойғанда, мемлекеттік қызметшілер – әкімдердің өзі той тойлап жүр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Айтбайұлы мәлімдеді, деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.

Талғат Айтбайұлының сөзінше, аталған талапты жеке тұлғалардан бөлек мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде, әкімдер де Жарлықтың талаптарын сақтамайтын көрінеді.

Мәселен, Шиелі ауданы, Төңкеріс ауылының әкімі Нұрманова Әлия Тәшкенбайқызы ағымдағы жылдың 28 наурыз күні сол ауылдың Сәтпаев көшесі №6 мекен-жайында орналасқан туысы Есмағамбетов Мұхтар Қамбарұлының үйіне өзі алып келіп, келін түсірген. Бұл ақпарат әлеуметтік желіде жүргізілген мониторинг және Аружан Дүйсебаеваның «Facebook» парақшасында жарияланған.

«Үй иесі Шиелі аудандық сотының 28.03.2020 жылғы қаулысымен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.Сол сияқты, Қызылорда қаласындағы «Оригон» кафесінің сағат 22.00-ден кейін жұмыс істегені және онда 20-дан астам келушілердің болғаны анықталып, кафе иесі С.Тянға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Соттың 25.03.2020 жылғы қаулысымен кафе иесі С.Тян ӘҚБтК-тің 476-бабымен кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», – деді облыс прокурорының  бірінші орынбасары.