«Жылай бастаймын»: Елордалық дәрігер ауруханада не болып жатқанын айтып берді

13443441

Екі аптадан бері инфекционист дәрігерлер ауруханада тұрып жатыр, туыстарымен тек телефон арқылы сөйлесе алады. Көпшілігін үйінде баласы күтіп отыр, алайда олар коронавирус инфекциясымен күресті аяқтап қана үйіне қайта алады. 

Sputnik. Астаналық инфекционист дәрігерлер медицина мекемелерінде «оқшауланып» жұмыс істеп жатыр, ауруды жұқтыру қаупі жоғары болғандықтан олар әзірге жақындарымен жүздесе алмайды. Осындай қиын сәтте үкімет дәрігерлерге қолдау көрсетілетінін айтты, енді ақ халаттылар миллион теңгеге дейін жалақы алады.

Врач-инфекционист Куралай Мырамытова
© PHOTO : ПРЕДОСТАВЛЕНО КУРАЛАЙ МАМЫТОВОЙ
Астаналық инфекционист дәрігер Құралай Мырамытова

Астананың көпсалалы медициналық орталығының инфекционисі Құралай Мырамытова Sputnik Қазақстан тілшісіне жұмысы мен науқастар жайлы айтып берді.

Аурухана үйіңе айналады

«Біз күндіз-түні коронавирус жұқтыру ошағында жұмыс істейміз,  жеке инфекциялық блокта індетке шалдыққан науқастар жатады. Вирустың алғашқы жағдайы тіркелген кезден бастап үйге бармайтын болдық, себебі біз де науқаспен байланыста болып, вирус тасымалдаушы болуымыз мүмкін», – деп түсіндірді инфекционист.

Жаңа жалақы туралы сұраққа дәрігер: «күтеміз, көреміз» деп жауап берді.

Күшейтілген режимдегі жұмыс

Коронавирус пандемиясы – бүкіл әлем үшін, оның ішінде Қазақстан үшін де үлкен сын. Соған қарамастан, дәрігер қазақстандық дәрігерлер індетке дайын болды деп санайды.

«Дәрігер болып жұмыс істеп жүргеніме 10 жыл болды, инфекционист мамандығына оқыдым. Әрине, біз мұның бәрін теорияда, тәжірибеде көрдік – әрбір студент обаға қарсы киімді қалай кию керек екенін біледі. Дәрігерлер үшін, әсіресе, инфекционистер үшін әр түрлі оқиғамен тұрақты түрде тренингтер өткізіледі. Қазір біз жеке және топ болып жұмыс істеуді үйреніп, жаңа мәлімет алып жатырмыз», – дейді ол.

Дәрігерлер мен басқа да медицина қызметкерлері кесте бойынша жұмыс істейді – біреу тәулік бойы, біреу күндіз, енді біреу түнгі ауысымға шығады.

«Бізде дәрігерлер жетерлік, сондықтан ауысыммен жұмыс істейміз. Кезекшіліктен кейін міндетті түрде 12 сағат демаламыз. Ең бастысы – блоктан шықпау. Сондықтан осы жерде тамақтанып, осында ұйықтаймыз», – дейді дәрігер.

Арнайы киімнің «азабы»

Медицина қызметкерлері қажетті киім-кешекпен толық қамтамасыз етілген.

«Науқаспен қарым-қатынаста болғаннан кейін әрбір 2-3 сағат сайын бір реттік киімді ауыстырамыз. Дезинфекция хаттама бойынша жүргізіледі», – деп атап өтті ол.

Арнайы киім вирустан қорғайды, бірақ үлкен ыңғайсыздық тудырады. Бұл медицина қызметкерлерінің ауыр еңбегін көрсетеді.

«Беті көгерген Қытай дәрігерінің видеосы естеріңізде ме? Бізде де дәл солай. Өкінішке қарай, бұл жұмыстың бір бөлігі ғана. Кейде респиратор астынан әдеттегі медициналық бетпердені тағамыз, солай сәл жеңілдеу, алайда тыныс алу қиындап кетеді», – дейді дәрігер.

«Телефонда жылап жіберуден қорқамын»

Дәрігерлер инфекция тасымалдаушы бола алатындықтан, оларға туыстарымен кездесуге тыйым салынған, олар тек телефон арқылы сөйлесе алады. Құралай Мырамытова – үш баланың анасы.

«Ұлдарым 2 және 13 жаста, қызым 8 жаста. Балалармен видеосыз тек телефон арқылы сөйлесуге тырысамын – бұл мен үшін өте ауыр, жылай бастаймын. Балалар да, әрине, сағынады. Осындай сәтте көмек көрсетіп жатқан туыстарыма алғыс айтамын. Алайда оларды тезірек көргім келеді», – дейді Мырамытова.

Үйде отырыңыз!

Қазақстан коронавирусты неғұрлым тез жеңсе, дәрігерлер соғұрлым үйіне тез оралады, оған азаматтардың көмегі қажет.

Қазір елімізде 24 науқас ауруханадан шықты. Олардың барлығы Құралай жұмыс істейтін көпсалалы медициналық орталықта емделді. Айта кету керек, ауруханадан шығарылған барлық адам екі апта карантинде болады.

Бірақ ауырғандардың саны күн сайын өсіп келеді, қазір 348 адамға жетті.

«Үйде отырыңыз! Мен адамдардың қанша проценті бұл аурудың күрделі екенін түсінбей отырғанын білмеймін, тіпті менің туыстарымның арасында да күмәнмен қарағандар болды. Шындыққа сенбей, карантин ережелерін сақтамай, қонаққа барып жүрген адамдардың кесірінен науқастардың саны артуы мүмкін,- деп ескертті дәрігер.

Кеше баспасөз мәслихатында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда науқастардың саны сәуірде 3,5 мыңға жетуі мүмкін деді.