Қарағанды билігі коронавирустан қайтыс болған науқас туралы мәлімет берді

12749039

Ер адамның коронавирусқа шалдыққаны қайтыс болғаннан кейін анықталған. Ол Теміртауда нотариус болып жұмыс істеген.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы коронавирустан қайтыс болған ер адам туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, осыдан екі күн бұрын Қарағандыдағы ауруханаға ер адам жатқызылған. Сол кездің өзінде оның жағдайы ауыр болған.

«Өкінішке қарай, бүгін таңтертең Қарағанды қаласында коронавирустан бірінші науқас қайтыс болды. 30 наурызда қаладағы ауруханалардың біріне 62 жастағы ер адам жеткізілген болатын. Сол кезде екі жақты пневмония анықталған. Тыныс алуы да қиындап кеткен. Жағдайы ауыр болды», – деді Нұрлыбаев шұғыл брифингте.

Оның айтуынша, науқас бірден реанимациялық боксқа жатқызылған. Алайда интенсивті терапияға қарамастан, жағдайы нашарлай берген.

«Бүгін таңғы сағат 7.00-де жүрегі тоқтап қалды. Реанимациялық шаралардан нәтиже шықпады», – деді Нұрлыбаев шұғыл брифингте.

Басқарма басшысы бұған дейін науқас медициналық көмекке жүгінбегенін атап өтті.

«Ауруханаға түскен бойда одан сынама алынды. Ал ер адам қайтыс болғаннан кейін оның коронавируспен ауырғаны анықталды. Ол нотариус болып жұмыс істеген. Қазіргі кезде онымен жақын қарым-қатынаста болған туған-туыстары анықталды. Барлығы оқшауланды», – деп түйіндеді ол.

Бүгінде Қарағанды қаласының стационарларында коронавирус жұқтырған 13 пациент емделіп жатыр. Олардың жағдай тұрақты. Жалпы, 598 адам күнделікті бақылауға алынды. Ал 1 076 адам үй карантинінде отыр.