«Нәтижесін білетін күні…» Алматы облысында коронавирус жұқтырған жүкті әйел сұхбат берді

13443327

Тоғжан Айтбай 25 наурыз күні Мәскеу арқылы АҚШ-тан ұшып келген. Қазір ол тек иммунитет көтеретін дәрі ішіп жатыр.

Sputnik. Алматы облысында коронавирус жұқтырған жүкті әйел қазір жағдайының жақсы екенін жеткізді.

Тоғжан Айтбай шамамен бір апта бұрын АҚШ-тан ұшып келген, қауіпті індет екінші қайтара тексергенде ғана анықталған, деп хабарлады КТК.

«Біз 25 наурызда Мәскеу арқылы АҚШ-тан ұшып келдік. Алматыға қонған бойда барлық жолаушыдан бірінші тесті алды. Сол ауруханада 24 сағат жаттық. Біздің тестіміз теріс болып шықты. Нәтижесін білетін күні жөтеліп, тамағым ауырған жоқ», – дейді Тоғжан Айтбай.

Оғаш хабарды естігенде қатты абыржыған Тоғжан қазір өзін қалыпты сезінеді. Ол Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Бала көтергеніне төрт ай болған.

Дәрігерлердің бақылауында жатқан ол тек иммунитет көтеретін дәрі ішіп жатыр екен. Айтуынша, өзінің де, іштегі баласының да денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ. Тек карантинде жатқандықтан, оның жағдайын бақылап тұруға гинеколог-маман кіре алмайды.