«Егер өтініш жіберілмесе, өсімпұл есептеліп кетеді» – банк қызметкері

vm4e2c1s

ШОБ несиелік демалыс алуы үшін өтініш жазуы қажет.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында дағдарысқа қарсы қолға алынатын шаралардың бірі ретінде шағын және орта бизнес (ШОБ) үшін несиелік демалыс беру керектігін алға тартқан еді.

Президент үндеуінде «банктерден толық түсіністік пен азаматтық ынтымақтастық» күтетінін айтып, несиелер мерзімін кейінге қалдыру банктерге қойылған талап емес, ұсыныс екенін білдірді.

Осы орайда редакциямызға Мемлекет басшысының ұсынысын банктер жете орындамай жатқанын айтып, кәсіпкерлер шағымдануда. Жамбыл облысынан телефон соққан шағын кәсіп иесі Олжас Қ. несие төлемдерінің мерзімін кейінге жылжытуға өтініш бергеніне қарамастан, төлем мерзімін өткізіп алғандар қатарына кіргенін айтты.

«Несиені мерзімінен кешіктірмей төлеп тұрушы едім, осы төтенше жағдайға байланысты табысымнан айырылдым. Сол себепті банкке барып, кредит төлемдерінің мерзімін кейінге қалтыруға өтініш бердім. Алайда, бүгін маған банкінен хабарласып, несие төлеу мерзімін өткізіп алғанымды айтты», – деді Жамбылдық кәсіпкер.

Бұл мәселенің шешімін білу үшін «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамына хабарласып, банк қызметкерінің түсініктемесін сұрадық.

«ШОБ несиелік демалыс алуы үшін өтініш жазуы қажет. Өтініш міндетті түрде қарастырылады. Ары қарай төлем мерзімін өткізіп алған болып саналмайды. Банк сайтының басты бетінде «заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қарыздары бойынша төлемді кейінге қалдыру» деген сілтеме бар. Соны басқан кезде өтініштің формасын көресіз. Сол жерде форманы толтырып, қай почтаға жіберу керектігі жазылған. Алдымен өтінішті толтырып, принтерден шығарып, мөр басып, сканерден өткізіп, көрсетілген электронды поштаға жөнелтіп жіберсеңіз ешқандай мәселе туындамауы керек. Банкте ШОБ субъектілері үшін негізгі борыш пен сыйақыны төлеуді 90 күнге дейінгі мерзімге кейінге қалдыру және берешекті өтеу кестесін қайта қарастыру мүмкіндігі ұсынылған. Өтініштер 15 сәуірге дейін қабылданып, одан кейін қарастырылады. Егер өтініш жіберілмесе, өсімпұл есептеліп кетеді. Клиентіміз өтініші қабылданғанына сенімді болмаса, тағы бір мәрте жіберсе артық етпейді», – деп түсіндірді банк кеңесшісі.

Редакцияға хабарласқан кәсіпкерлердің көпшілігі елде болып жатқан жағдайға байланысты, табыс көзінен мүлдем айырылған. Қазір олар банкке несие төлеу мерзімін кейінге қалдыру туралы өтініш жазып, оң жауабын тағатсыздана күтуде.

Дегенмен, қаладағы банк бөлімшелері қызметін тоқтатқаннан кейін, бар ақшасын ала алмай, мемлекет көмегіне жүгінгелі жүргендер де кездеседі. Мысалы, Jusan банкінің атауы Цесна болған кезден бері келе жатқан клиенті елордалық кәсіпкер Инара К. осындай ойы бар екенін жасырмады.

«Банктің қашықтан қызмет көрсету жүйесі қосылғанын білген жоқпын. Банк бөлімшелері қызметін тоқтатып, клиентімнің аударған ақшасын ала алмай отырмын. Үйде азық-түлік алуға, басқа банктегі несиемді өтеуіме қаражат керек. Төтенше жағдайға байланысты банктен қашықтан қызмет көрсету жүйесін онлайн қосып беруін сұрап едім, ешқандай көмек көрсете алмайтынын айтты. Егер банктер ашылмаса, мемлекеттің беретін 42500 теңгесін сұрауға тура келетін сияқты», – дейді банк клиенті.

Аталмыш банкке хабарласып мән-жайды сұрап едік, кеңесшінің жауабы қысқа болды – «көмектесе алмаймыз».

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы «Біріншіден, төтенше жағдай қолданысы кезеңінде бұған дейін қабылданған айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеуге тыйыммен қатар халықтың барлық займдары бойынша негізгі қарыз бен сыйақы сомасын төлеуін тоқтата тұру қажет», – деген еді.

Нұржан Көшкін