«850 мың теңге». Дәрігерлер үш түрлі үстемақы алатыны айтылды

photo 314313

Карантин режимінде жұмыс істеп жатқан медициналық қызметкерлер жұмыстың қауіпсіздігіне қарай үш топқа бөлінді. Бірінші топтағы дәрігерлер жалақысына айына 850 мың теңге үстемақы қосып алады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Хабар24 телеарнасында онлайн-брифингте айтты.

Оның айтуынша, мемлекеттік комиссия арнайы шешім қабылдады. Оған сәйкес, медицина қызметкерлері жұмыстың қауіпсіздігіне қарай 3 топқа бөлінген.

«Бірінші топ, реанимация бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, барлығы 3 284 маман. Олардың жалақысына үстемақы айына – 850 мың теңге. Яғни, орташа айлығын қосқанда, олар айына, шамамен 1 миллион теңгенің үстінде алады», – дейді министр.

Ал екінші топ, министрдің айтуынша, провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, барлығы 11 951 маман. Олардың үстемақысы айына – 425 мың теңге. Яғни, орташа айлығын қосқанда олар айына, шамамен 600 мың теңге алады.

«Үшінші топ. Карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері және т.б. барлығы – 10 994 қызметкер. Олар айына 212 мың теңге үстемақы алады. Орташа айлығын қосқанда, олар шамамен 380 мың теңге алады, – деп түсіндірді Абаев.

Айта кетейік, бүгін Қызылорда облысында 5 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.

Сондай-ақ, ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қазақстандықтардың коронавирусқа, ТЖ кезінде берілетін төлемақысына қатысты және басқа маңызды сұрақтарына жауап берген болатын.