«30 процентін әйелдер мен жастардан жасақтау» Президенттің кеңесшісі Әбдіқалықованың әкім болып тағайындалуының мақсатын түсіндірді

12215329

Ол президенттің партиялық тізімдердің 30%-і әйелдер мен жастардан жасақталуы керектігі туралы тапсырмасын еске түсірді.

Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі Ерлан Қарин Гүлшара Әбдіқалықованың Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалуына қатысты пікір білдірді.

«Алғаш рет өңір басшысы қызметіне әйел тағайындалды. Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысының әкімі болды. Бұған дейін президент Ұлттық кеңестің екінші отырысында партиялық тізімдердің 30 процентін әйелдер мен жастардан жасақтау туралы бастама көтерген болатын. Қазір заң жобасы дайындалды, ол қазір талқылануда», – деп жазды Қарин өзінің  Telegram каналында.

Еске сала кетейік, бүгін мемлекет басшысы Гүлшара Әбдіқалықованы Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, бұрынғы әкім Қуанышбек Ысқақов қызметінен босатылды.

Әбдіқалықова әр жылдары президенттің кеңесшісі, еңбек және әлеуметтік қорғау министрі, мемлекеттік хатшы және премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарған.