«Карантиннен қашты» Қарағандыда коронавирустың ошағы табылып, кіреберіске құлып салынды

Тұрғындар сыртқа шыға алмайды. Үйдің жанында дәрігерлер кезекшілік жасайды. Азық-түлік үйге күніне екі рет жеткізіледі, кіреберістің ішіне қоқысқа арналған пластикалық контейнер орнатылды.

Sputnik. Қарағандыда коронавирустың ошағы анықталды. Тұрғындар «қашып кетпеу» үшін билік кіреберістің сыртқы есігін бекітіп, адамдарды 14 күнге жауып тастады.

Бұғатталған кіреберістің видеосы желіде жарияланды, үйдің Ермекова көшесінде орналасқаны көрсетілген.

Кейінірек ақпаратты облыс әкімдігі растады.

«Қарағандыда Ермеков көшесіндегі № 106/1 үйдің кіреберісіне карантин қойылды. Ол 14 күнге созылады», — деп хабарланды әкімдіктің ресми сайтында.

Тұрғындарға далаға шығуға шектеу қойылды. Олар тұрақты медициналық бақылауда болады. Қажетті азық-түлік үйге тапсырыс бойынша күніне екі рет жеткізіледі.

Қарағанды облысының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті  тұрғындар арасында COVID-2019 күдігімен бір оқиға тіркелуіне байланысты осындай шара қабылданғанын атап өтті.

«Пәтерлер мен кіреберіске дезинфекция жүргізілді. Полиция кіреберіске күзет орнатты. Дәрігерлер тұрғындардың денсаулығын үнемі қадағалап отырады», — деп атап өтті департамент өкілдері.

Кіреберістің ішінде қалдықтарды жинауға арналған пластик контейнер қақпақпен жабылған. Қоқыс күніне екі рет шығарылады. Азық-түлік сағат 10.00-де және 17.00 «Аян» супермаркетінен өтінім бойынша жеткізіледі. Курьермен тікелей байланыс болмайды, тапсырыстарды полиция қызметкерлері береді.

14 күндік карантин аяқталғаннан кейін тұрғындар қалыпты режимге қайта оралады.

Карантиннен қашты

Бұған дейін қазақстандықтар бірнеше рет карантиннен қашпақ болғаны туралы хабарланды.

Мысалы, 18 наурызға қараған түні Литвадан келгеннен кейін оқшауланған 22 жастағы жігіт облыстық туберкулезге қарсы диспансердің екінші қабатындағы терезеден секіріп кетті.

Ол ұсталып, қайтарылды. Сот құқық бұзушыға ескерту түрінде әкімшілік жаза тағайындады.

Понравилась статья? Поделиться с друзьями:
Qazbrand.info әлеуметтік желісіне бөлісу