«Аппаратпен тыныс алып жатыр!» Астанада вирус жұқтырған екі пациент ауыр хәлде жатыр

12747949 750x375 1

Коронавирус індеті анықталған екі науқас стационарда өкпені желдету аппараты арқылы тыныс алып жатыр.

Нұр-Сұлтанда індетке шалдыққан екі адамның жағдайы тұрақты, бірақ ауыр. Бұл туралы елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлімдеді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.

«Стационарда жатқан екі пациенттің жағдайы тұрақты, бірақ ауыр. Өкпені желдету аппараты арқылы тыныс алып жатыр. Қалған науқастардың жағдайы қанағаттанарлық», – деді Қисықова онлайн брифингте.

Айта кетсек, бүгінде республика бойынша ең көп науқас Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында тіркеліп отыр.

Екі мегаполис те карантинге жабылған.

Соңғы деректер бойынша, Қазақстанда індет жұқтырғандар саны 251 адамға жетті. Оның ішінде 18 адам жазылып шықты, Ақмола облысында бір адам қайтыс болды.