Дүние жүзін құрсауына алған Covid-19 коронавирусының таралу қарқыны күшейіп барады. Қазіргі таңда індеттен 27 мыңнан астам адам көз жұмды. Іnformburo.kz әлемдегі оқиғаларға шолу жасады.

Италияда бір тәулікте мыңға жуық адам қайтыс болды

Италияда 27 наурызда коронавирустан 919 адам қайтыс болды. Бұл пандемия басталғалы бері әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Қазір бұл елде 86 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. Денсаулық сақтаудың жоғары институты Италияда індеттің шарықтау шыңы әлі алда деген болжам жасады.

Ломбардия провинциясында ауруханалардағы жүктемелерді азайту үшін шұғыл түрде көше госпитальдері жасалып жатыр. Себебі, коронавирус жұқтырған науқастар медицина мекемелеріне сыймай, дәлізде ем қабылдауда. Сондай-ақ, Италияда барлық өндіріс тоқталып, карантин тәртібін бұзушылар дронмен қатаң бақылануда. Ел билігі бұл індеттен құтылудың жалғыз жолы – оқшаулану екенін тұрғындарға қайта-қайта еске салып жатыр.

ДДСҰ: коронавирус жұқтырған 100 мыңнан астам адам жазылды

ДДСҰ басшысы Тедрос Гебрейесус Covid-19 жұқтырған 100 мыңнан астам адамның толықтай сауыққанын мәлімдеді. Ол таяуда Норвегия мен Испанияда ерікті науқастарға аурудың ағымын жеңілдетуге көмектесетін дәрі-дәрмектер мен аралас терапияны сынауды бастайтынын айтты. Бұл жоба «Ынтымақтастық сынақтары» деп аталды және оған 45 ел қатысады.

Ол сонымен бірге Covid-19 вакцинасы тек 1,5 жылдан соң пайда болатынын ескертті. 50 елдің денсаулық сақтау министрлерімен болған онлайн-кездесудің нәтижесінде келес3 негізгі міндеттер анықталды:

  • вирусты ерте анықтау қажеттілігі және расталған диагнозы бар адамдарды оқшаулау;
  • науқастармен байланыста болған адамдарды анықтау және оларды карантинге жатқызып денсаулығын бақылау;
  • емдеу тиімділігін арттыру;
  • халықпен тұрақты байланыс орнату, бұл билікке сенім орнатуға және азаматтарды індетке қарсы күреске жұмылдыруға көмектеседі.

Дәрігер Тедростың айтуынша, қазіргі кездегі басты проблемалардың бірі – жеке қорғаныс заттарының болмауы. ДДСҰ қазірдің өзінде ең мұқтаж 74 елге 2 млн қорғаныс материалын жіберген және енді тағы 60 мемлекетке жөнелтуге дайындалуда.

Ухань метросы екі айлық карантиннен кейін жұмысын бастады

Коронавирустық індетке байланысты 2 айға уақытша тоқтатылған Ухань метросы (Хубэй провинциясының әкімшілік орталығы, Орталық Қытай) қайта жұмысын бастады. Жаңа вирустың ошағына айналған Ухань 23 қаңтардан бастап карантинге жабылған еді. Қала бойынша көлік байланысы түгелдей тоқтап, жергілікті тұрғындарға ауылдан шығуға тыйым салынған. Сондай-ақ, қоғамдық көліктердің де жұмысы тұралаған еді.

Эпидемиялық жағдайдың жақсаруына байланысты 25 наурызда Қытай билігі Хубэй провинциясынан карантин режимін алып, халыққа аймақта қатынауға қатысты қойылған шектеулерді жойды. Қытайдың мемлекеттік денсаулық сақтау комитеті 8 сәуірде Ухань қаласындағы шектеулер толығымен алынатынын мәлімдеген. Қазіргі уақытта Уханьда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың жаңа деректері анықталған жоқ. Денсаулық сақтау комитетінің мәліметі бойынша, Covid-19 инфекциясының шетелден әкелінген 54 жаңа дерегі туралы хабарлама түскен.

 

Франция карантинді 15 сәуірге дейін ұзартты

Франция қатаң карантиндік шараларды сәуір айының ортасына дейін ұзартады. Бұл туралы жұмада елдің премьер-министрі Эдуард Филипп мәлімдеді. Ол оқшауланудың алғашқы он күнінде елде эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы мүмкіндігін атап өтті.

«Бүгін мен оқшаулану режимінің келесі сейсенбіден бастап тағы екі аптаға созылатындығын жариялаймын, ол 15 сәуірге дейін жалғасады», – деді Эдуар Филипп.

Тұрғындар далаға шығу үшін мақсаты көрсетілген арнайы қағазды толтыруы қажет. Мысалы, азық-түлік сатып алуға бару немесе жұмысқа бару. Егер адам жұмысқа баратын болса, онда қолында міндетті түрде жұмыс беруші тарапынан жұмысты үйден орындау мүмкіндігі жоқтығы туралы анықтамасы болуы шарт.

«Қазір қолданыстағы қауіпсіздік шаралары жалғасуда. Егер денсаулық сақтау саласындағы жағдайды оңалтуға қажеттілік болса, карантин кезеңі тағы да ұзартылуы мүмкін», – деді премьер-министр.

Соңғы мәлімет бойынша, Францияда 1995 адам көз жұмған. Оның ішінде 299-ы соңғы тәулікте қайтыс болды. Сырқаттанғандардың жалпы саны – 33 мыңнан асып отыр.

АҚШ пандемия салдарын жойып, экономиканы қолдауға 2 трлн доллар бөледі

27 наурызда АҚШ коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Қытайды басып озды. Елде індетке шалдыққан 100 мыңнан астам науқас тіркелген. Осыған орай Дональд Трамп Covid-19 пандемиясы салдарынан жапа шеккен американдықтар мен ел экономикасын қолдауға 2 трлн доллар бөлу туралы заңға қол қойды. Бұған дейін қаражат бөлу туралы құжатты АҚШ Конгресі қолдады. Салтанатты шараны Ақ үйде америкалық жетекші телеарналар жүргізді. Бұл қаражат ел азаматтарына келесі тәртіппен төленеді:

  • ересек адамға – 1 200-2 400 доллар ;
  • балаға – 500 доллар.

Сондай-ақ, АҚШ жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлемдерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Жеңілдетілген несиелерді ірі және шағын бизнес өкілдері алады.

2 трлн доллар бөлу – бұл АҚШ тарихындағы ең ірі қолдау. Мұндай ірі көлемдегі көмек соңғы рет 2008 жылы көрсетілген еді. Ол кезде 800 млрд доллар бөлінген.

Түркия басқа елдермен әуе рейстерін тоқтатады

Коронавирустың зардабын Түркия да тартып отыр. Аталмыш елде індеттен 92 адам қайтыс болып, 6 мыңға жуығы төсек тартып жатыр. Ел президенті Реджеп Тайип Эрдоған басқа елдермен әуе қатынасты тоқтату және қала аралық тасымалдауды шектеу туралы бұйрыққа қол қойды.

«Халықаралық әуе қантынастары толығымен тоқтатылады. Қалалар арасында қатыну үшін губернаторлардан арнайы рұқсат алу керек, бұл ең алдымен 30 ірі қалаға қатысты. Кеңселерде тек қажетті персонал жұмыс істейтін болады», – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, ол демалыс күндері саябақтар мен басқа да қоғамдық орындар жабылатынын хабарлады. Түркияның барлық ауылдарында осы іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ететін және қажет болған жағдайда қосымша шектеулер орнататын губернаторлар бастаған арнайы кеңес құрылады.

Ресейде сәуірде зейнетақы мерзімінен бұрын төленеді

Ағымдағы жылдың сәуір айында ресейліктерге зейнетақы мен жәрдемақы мерзімінен бұрын төленеді. Бұл туралы 27 наурызда Ресей зейнетақы қоры баспасөз қызметі хабарлады. Мұндай шешім алдағы аптаны, яғни 28 наурыздан 5 сәуірге дейін демалыс деп жариялануына байланысты қолға алынды. Көрші мемлекетте зейнетақы мен жәрдемақыдан бөлек Жеңістің 75 жылдығына орай ардагерлерге біржолғы төлем де мерзімінен бұрын аударылатын болды.

Қаражат 26-27 наурызда «Ресейдің пошталары», банктер мен басқа да жеткізу ұйымдарының шоттарына аударылған. Азаматтарға төлем 30 наурыз бен 12 сәуір аралығында жүргізіледі. Мерзімінен бұрын төленетін төлемдердің жалпы сомасы 470 млрд рубльді құрады.

Айта кетсек, қазір Ресейде коронавирус жұқтырғандардың саны мыңнан асты. Дерттен 4 адам жан тапсырды.

Өзбекстанда ұялы байланыс операторлары қарызға қызмет көрсетуден бас тартты

Өзбекстанда ұялы байланыс операторлары абоненттерге интернет және ұялы байланыс қызметтерін қарызға ұсынбайды. Бұл туралы Өзбекстанда жұмыс істейтін Mobiuz, Unitel (Beeline) және Ucell (Coscom) ұялы байланыс операторларының баспасөз қызметі хабарлады.

Өзбекстан министрлер кабинетінің «коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі қосымша шаралар туралы» қаулысына сәйкес 23 наурыздан бастап 2 ай бойы телефон байланысы мен интернет қызметтерін ажыратуға тыйым салынған болатын. Алайда, ұялы байланыс операторлары «мобильді байланыс қызметтері осы құжаттың қолданысына жатпайды» деп мәлімдеді. Олар ұялы байланыс және интернет қызметтері телефон байланысы мен интернет желісіне қол жеткізу қызметтерін ажыратуға тыйым салатын заңға бағынбайтынын алға тартты.

Коронавирус бойынша карантинге байланысты ұялы байланыс операторлары білім беру және медициналық сайттарға тегін қолжетімділікті ашқан. Сондай-ақ, компаниялар трафикті қолданудың күрт өсуіне байланысты жаңа тарифтер мен қызметтер топтамаларын енгізіпті.