БЕРЛИН – АЛМАТЫ ЧАРТЕРЛІК РЕЙСІНДЕГІ ЖОЛАУШЫЛАРДЫҢ КӨБІ КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАН

2020 03 25 16 59 22

Берлин – Минск – Алматы чартерлік рейсінің алты жолаушысы мен бір бортсерігінен коронавирус расталды, – деп хабарлайды NewsRoom+ ақпарат агенттігінің тілшісі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.  Бұл туралы Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова брифингте айтты.

12 адам болған чартерлік рейс Германиядан 12 наурыздан 13 наурызға қараған түні келген. Экипажды қоса алғанда, барлық жолаушы жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланды.

«Осы 12 адамның әрқайсысы, яғни тоғыз жолаушы мен экипаждың үш мүшесі жеке-жекеден оқшауланды. Диагноз 6 жолаушы мен бір бортсерікте расталды», – деп түсіндірді Молдағасымова.

Қаланың бас санитар дәрігері бұл рейстің тұрғындар үшін қауіпі жоқ екенін айтты, себебі ондағы адамдар дер кезінде карантинге жатқызылды.

Еске салайық, елде коронавирус алғаш рет 13 наурызда екі адамда анықталған болатын. Науқастардың бірі түнде Германиядан 12 адам болған чартерлік рейспен келген. 14 наурызда дәрігерлер оның жағдайын орташа деп бағалады.

17 наурызда коронавирус Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 13 наурызда Берлин – Минск – Алматы рейсімен ұшып келген екі жасар қыздан табылды. Кейін Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қыздың анасымен Куршевельде болғанын хабарлады. Дәрігерлер оның жағдайын орташа деп бағалады, балада оң жақ пневомониясы анықталды.

Соңғы деректер бойынша, Қазақстанда жалпы 79 науқас тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 41 адам, Алматы қаласында – 31 адам, Қарағанды қаласында – 2, Алматы облысында – 1 адам, Ақтөбе облысында – 1 адам, Шымкент қаласында – 1 адам, Жамбыл облысында -1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында – 1 адам.