Коронавирус: Қарағанды қаласында 2 адам тіркелді

2020 03 20 11 30 56

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшарип Джонс Хопкис институтының сайтында жарияланған ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Ресми түрде жоққа шығарамыз. Бізде коронавирустан өлім тіркелген жоқ. Бұрын айтқанымыздай Қазақстанда 49 адам ауруға шалдыққан. Алматыда – 22 адам, Қарағанды қаласында – 2 адам, Нұр-Сұлтанда – 25 адам. Барлығының жағдайы тұрақты», – деді Диас Ахметшәріп.

Атап кетерлік жайт, Джонс Хопкинс институтының сарапшылары Қазақстанда коронавирустан үш өлім жағдайы тіркелді деген ақпарат жариялапты.

Бұған қоса ол бүгін тіркелген науқастар жайлы қысқаша мағлұмат келтіріп кетті.

«Елімізде коронавирусты жұқтырудың тағы бес жаңа оқиғасы тіркелді. Оның екеуі Қарағанды қаласында – 1972 және 1971 жылғы туған Қазақстан азаматтары. Екеуі де №0324 Минск-Қарағанды рейсімен ұшып келген болатын», – деді Диас Ахметшәріп.

Оның айтуынша, қалған үш адам Алматыда тіркелді. Біреуі 1979 жылғы әйел адам, Берлин қаласынан ұшып келген. Екінші азамат 1997 жылғы ер адам, Франциядан ұшып келген. Соңғысы 1982 жылғы әйел адам.

Бұған дейін Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны тағы бес адамға артып, 49 науқасқа жеткені хабарланды.