Алматы облысының тұрғындары қаладағы жұмысына бара ала ма?

13106049

Алматы әкімінің орынбасары компанияларға өз қызметкерлері үшін қаладан уақытша тұрғын үй іздестіруді ұсынды. Карантин кезінде Алматы облысынан Алматыға келіп жұмыс істейтін азаматтарға қалаға кіруге тыйым салынады. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.  

Тұяқбаевтың айтуынша, қалаға кіруге тыйым салынбаса, карантиннің мәні кетеді. Сондай-ақ, компанияларға өз қызметкерлері үшін қала ішінде уақытша тұрғын үй іздестіруді ұсынды.

«Күн сайын жарты миллионға жуық адам облыстан қалаға жұмысқа келеді. Біз үй-жай табуға көмек көрсете аламыз. Қазір барлық қонақ үй, жатақхана, хостель бос тұр. Бұл карантин кезінде қалаға көшуге жақсы мүмкіндік. Немесе қызметкерлерді ақылы демалысқа шығарып, болмаса қашықтан жұмыс істеуге көшіруге болады», – деді ол брифингте.

Сонымен қатар әкім орынбасары қалаға тауар кіргізу мәселесіне тоқталып, «Жасыл дәліздің» жұмысы туралы айтып өтті.

«Кәсіпкерлер өндірушілер өз тауарларын қалаға қалай кіргізеді және қала өндірушілері тауарды қала сыртына қалай шығарады деген сауал қойып жатыр. Бұлм әселе бойынша «жасыл дәліз» енгізілді. Яғни, қаланың ішінде болсын, сыртында болсын, ешқандай мәселе жоқ. Барлығына рұқсат беріледі. Әрине, арнайы талаптар сақталады»,- деп түсіндірді ол.

Тұяқбаевтың айтуынша, қызметкерлердің бір бөлігі облыста тұратын жағдайда ол азаматтарға арнайы рұқсат болмайды.

«Сол себепті қазірден бастап түнгі он екіге дейін шешім шығару керек. Он екіден бастап шекарадан өтуге болмайды»,- деп түйіндеді ол.

Коронавирус эпидемиясы

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 35 адамға жетті. 18 адам Нұр-Сұлтанда тіркелді, Алматы қаласында – 17 адам.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жарияланды. Ол 15 сәуірге дейін жалғасады.

19 наурыз 00.00-ден бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы карантинге жабылады. Президент жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуына жол бермеу үшін осындай шешім шығарды.

Ішкі істер министрлігі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының айналасында көлік пен адам қозғалысын шектеу үшін арнайы блок-посттар орнатады. Нұр-Сұлтан мен Алматыға осы қалаларда тіркелген азаматтар ғана кіре алады.