Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған науқас жоқ – Денсаулық сақтау министрлігі

Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған науқас жоқ, ақпарат жалған, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі. Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Жамбыл облысына Оңтүстік Кореядан коронавирус жұқтырды деген күдікке ілінген 150 қазақстандық келді деген ақпаратқа түсініктеме берді. Sputnik

«Жамбыл облысында ешкім коронавирустық инфекция жұқтырды деген күдікке ілінген жоқ. Жамбыл облысына Оңтүстік Кореядан 150 Қазақстан азаматы келгені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», — делінген ведомствоның хабарламасында.

Оңтүстік өңірде коронавирус инфекциясының алдын алу үшін барлық шара қабылдануда. Сондай-ақ билік медициналық ұйымдардың дайындығын қамтамасыз етті, шетелден келгендерге күнделікті мониторинг жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті фейк ақпараттарды таратпауға шақырды және жалған мәлімет таратқандар жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Оңтүстік Кореяға рейстер саны азайды

Естеріңізге сала кетейік, 1 наурыздан бастап Қазақстан коронавирустың таралуына байланысты Оңтүстік Корея мен Иранға ұшатын әуе рейстерін азайтады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, бұған дейін Air Astana-ның «Алматы – Сеул» бағытындағы рейстері аптасына бес рет болса, енді бірге дейін қысқарады. Сол сияқты «Нұр-Сұлтан – Сеул» аптасына бір рет қана ұшатын болады.

«Asiana Airlines» компаниясының «Алматы – Сеул» ұшағы да аптасына бір-ақ рейс жасайды. Сондай-ақ, Mahan Air-дың «Алматы – Тегеран» рейсі бір рет қана орындалады.

Коронавирус эпидемиясы

Қытайдағы вирустың жаңа түрі өткен жылдың желтоқсан айында белгілі болды. Ел билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Ухань қаласында (Хубэй провинциясы) белгісіз пневмонияның өршігені туралы хабарлады. ДДҰ індетті халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп танып, оған Covid-19 деген ресми атау берді.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қытайда коронавирус жұқтырған 2 912 адам көз жұмды. 44,4 мың адам емделіп, ауруханадан шығарылды. Вирус жұқтырғандар саны 80 мыңнан асты.