Тоқаев Kaspi.kz негізін қалаушылармен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық «EcoJer» өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығы кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанованы, Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзені қабылдады. Сонымен қатар, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен кездесті, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ләззат Рамазанова Мемлекет басшысына «EcoJer» қауымдастығының жұмысы, өнеркәсіп орындарының ауа сапасын ластауын төмендетуге бағытталған технологияларды әзірлеу және енгізу жайында айтты.

Кездесу барысында жаңа Экологиялық кодекс жобасының негізгі ережелері талқыланды. Оны дайындауға қоғамдық бірлестіктер белсене атсалысты.

Мемлекет басшысы экологиялық заңнаманы алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажеттігіне тоқталды.

Kaspi.kz Директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким мен Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе Президентке цифрлық қызмет көрсету сервисінің және тиісті экожүйенің даму стратегиясы, сондай-ақ, Қазақстандағы электронды коммерцияның өсу перспективалары туралы баяндады. Әсіресе компанияның шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жөніндегі жоспарына ерекше мән берілді.

Мемлекет басшысына Kaspi.kz компаниясының акцияларын алдағы уақытта Лондон қор биржасы мен Астана халықаралық қаржы орталығының алаңдарына ашық түрде орналастыруға дайындық жайы айтылды.

Президент қазақстандық банктің жұмысына техникалық инновацияларды енгізудің маңызды екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен кездесті.

Қоғам қайраткері, «BTS Digital» білім беру жобасының жетекшісі Саясат Нұрбекпен кездесу барысында кәсіптік-техникалық білім беру ісін және еңбек нарығын дамыту мәселелері талқыланды.

Саясат Нұрбек Президентке «Жаңа мамандықтар атласы» ұлттық жобасының жүзеге асырылуы жайында айтты. Оның пікірінше, аталған жоба жастардың мамандық таңдауына және алдағы уақытта елімізде сұранысқа ие болатын кәсіптерді меңгеруіне көмектеседі.

Мемлекет басшысы білім беру саласында жаңа ғылыми әдістерді және технологиялық шешімдерді қолданудың маңыздылығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, білім жүйесін жаңғыртуға байланысты мәселелер Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысының күн тәртібіне енгізіледі.

Экономикалық саясат институтының президенті Қайырбек Арыстанбековпен кездесуде ұлттық экономиканы дамыту, мемлекеттің әлеуметтік саясатының тиімділігін жақсарту мәселелері қарастырылды. Қазақстан Президентіне Институттың жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелері баяндалды.