«Мен мұсылман емеспін»: Ілияс Есенберлиннің жалғыз ұлы Иса мәсіхқа табынатынын жасырмады (ВИДЕО)

«Әкем маған қазақша сөйлейтін, ал мен оған орысша жауап беретінмін», — дейді Қозыкөрпеш Есенберлин. Биыл «Көшпенділер» трилогиясының авторы Ілияс Есенберлиннің туғанына 105 жыл толды. Айта кетсек, бүгінде көрнекті жазушының кіндігінен тараған үш қыз, бір ұлы бар. Осы орайда, Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі оның жалғыз ұлы Қозыкөрпеш Есенберлинмен сұхбаттасты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

90-жылдары табысты кәсіпкер ретінде танылып, аты қазіргі қазақ бизнесмендері Нұрлан Смағұлов, Болат Әбілов, Райымбек Баталов және Нұржан Субханбердиндермен қатар аталған Қозыкөрпеш Есенберлин «Алем систем» компаниясы мен ірі қаржы инситуты — «Әлем Банкті» басқарған.

Сұхбат барысында ол Алматыдағы қазіргі өз әкесі атындағы №25 мектеп гимназиясында (сол кездегі орта мектеп) қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей саясаткері Владимир Жириновскиймен қатар орыс тілінде оқығанын айтты.

«Қасым-Жомарт Тоқаев менен жоқары сыныпта оқыды. Дос ретінде араластық. Кезінде жалғыз-ақ №12 қазақ мектеп-интернаты болған. Әкем мені сонда бергісі келді. Алайда, кейін үйге жақын жердегі жалғыз орыс мектебінде оқуыма тура келді», — дейді 64 жастағы Есенберлин.

Сондай-ақ, ол Алматыда әкесіне арнап бір еңселі ескерткіштің тұрғызылмағанына қынжылыс білдірді.

«Осы жөнінде үкіметпен көп сөйлестік. Бірақ, ештеңе шешілмеді. Астанадан 270 шақырым жердегі Атбасар қаласынан бір ескерткіші бой көтерген. Сондай-ақ, музейі де бар. Бірақ, онда адамдар аз барады. Ал әкемнің шығармашылық өмірі Алматыда өтті. Барлық кітабын сонда жазды. Енді ескеркішін Алматыға орнатайық десек, министрлік әкімдікке, әкімдік министрлікке сілтейді», — деді Қозыкөрпеш Есенберлин.

Осы орайда айта кетсек, қазақ қаламгерлері арасында шығармалары ең көп басылатын және жапон тіліне аударылған жалғыз жазушы Ілияс Есенберлин ұрпақсыз емес. Қозыкөрпешінен Мағжан, Мәди, Дәмелі есімді немерелері бар. Осы күні үш қызы да көптеген немере сүйіп отыр екен. Алайда, орыстілді жалғызы мен одан тараған ұрпағы шығармашылық қана емес, діні, ділі жағынан да жазушының ізін жалғамаған.

«Әкем маған қазақша сөйлейтін, ал мен оған орысша жауап беретінмін. Себебі, біз оқыған орыс мектебінде 5-6 қазақ балаға ғана қазақ тілінде сабақ берілді. Ал мен ол кезде қазақшаны екінші сортты тіл деп есептедім. Тоталитарлық жүйеде оның қажеттілігі де болмаған еді…

Құдай – жалғыз, ал Иса пайғамбар – оның ұлы. Бізде жеке-жеке сенім болған жоқ. «Құдай – ортақ» деп білдік. Мен Құдайдың ұлы Иса мәсіхқа сенемін», — дейді тектінің тұяғы.

Журналистің «Яғни, сіз мұсылман емессіз, иә?» деген сұрағына: «Жоқ, мен мұсылман емеспін. Киелі кітапқа сенемін. Мағжан – мұсылман. Ал әйелім мен басқа балаларым бәріміз «Иогово куәгерлеріне» сенеміз», — деп ашық жауап берді.

Еске сала кетсек, әлемде осы «Иегово куәгерлері» деп аталатын діни ағымның 8,6 миллион табынушысы бар екен. Сол қатарды, міне, әйгілі «Көшпенділер» трилогиясын жазған, ұлтымыздың беткеұстар тұлғаларының бірі Ілияс Есенберлиннің ұрпақтары да толықтырып отыр.