«Балаларыңды асырай алмасаңдар, онда тууды доғарыңдар»: Маникюр жасайтын баланың анасын теріс пікір білдірушілердің сөздері жылатты

Екібастұз қаласының 13 жастағы тұрғыны өз кәсібін дөңгелетіп жүр. Оның тырнақ әрлеумен айналысып, ақша таубына інісі себеп болған. Сәби үшінші қабаттан құлап кеткен. Содан бері төсек тартып жатып қалыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Астарлы ақиқат» бағдарламасына сілтеме жасап.

«Мен тырнақ жасағанда ерекше ләззат аламын. Тырнақ жасауға екі жарым сағат кетеді. Ал өсіруге үш сағат. Маникюр қазір 1500 теңге тұрады. Сол материалға жетеді. Күніне бір клиент. Ал сенбі және жексенбі екі клиент болады. Арманы ең мықты, ең қымбат nail-мастер болғым келеді», – дейді Арулат Мұхаметқали.

Анасының айтуынша, Арулаттың тырнақ жасауға деген қызығушылығы кішкентай кезінен бастап оянған.

«Екі күннен бері тоқтамай кісілер хабарласып жатыр. Мақтап та жатқандар бар. Дегенмен әртүрлі ойлар бар. Ол өз жұмыстарын Instagram парақшасында бөлісіп жүр. Бірде мерекелік шараға баруым керек болып қалып, үйге маникюрші қызды шақырған едім. Ол кезде Арулат 11 жаста. Қызға 3000-4000 ба төледім. Сол кезде Арулат «Мама, оған сіз ақша төлегенше мен өзім-ақ жасай саламын оны. Мен оқып алайын. Өзім-ақ жасап берем. Бірақ мерекеде ғана емес. Күнде әдемі болып жүресің» дейді. Мен басымды изе салдым. Бірақ бір жыл өткеннен кейін тырнаққа оқытамын деп сөз бердің ғой деп тұрып алды», – дейді анасы Сәния Рахимова

Алайда 12 жасар Арулатты ешкім тырнақ оқыту курсына алмапты. Тек оның талантын бір кісі ғана көре алған.

«Сөйтіп оқытатын кісі іздедім. Бірақ кішкентай баланы оқытуға құқұғымыз жоқ деп ешкім алмады. Арулат мұны естіп жылады. Содан бір Руфина деген кісіге барып, оны әрең дегенде көндірдім. Сөйтіп бір апта оқыды. Сабағына да, курсына да барады. Бір күні Руфина хабарласып «Сіздің балаңызда талант. Адамдарды қанша оқыттым, ол одан да жақсы істейді» деп айтты», – дейді анасы.

Десек те оқушы баланың тырнақ әрлеуіне қатысты кейбір кісілер жаман пікірлер жазып, тіпті үйге хабарасқан да екен.

«2-3 күн бұрын Сәнияның дауысы қаттырақ шығып, бір кезде жылай бастады. Сұрасам бір кісі хабарласып Сәнияның намысына және көңіліне тиетін ауыр сөздер айтқан. «Егер балаларыңызға қарай алмасаңыздар неге туасыздар? Тууды доғарыңдар» деп айтқан. Менің өзім ашуландым. Ештеңе демей-ақ қой, айтқан ел айта берсін. Көңіліңді бұзба деп жұбаттым. Бірақ өзімнің жүрегімде тұр. Неге олай айтқанын мен де түсінбедім. Адамдар әрқалай болады. Кейбіреулер дұрыс түсінбейді. Олармен ұрсысып жатудың ешқандай пайдасы да келіп-кетері жоқ», — дейді Арулаттың әкесі Асқар.

Арулаттың тырнақ әрлеп, ақша табуына төсек тартып жатқан інісі себеп болған. Ол ақша жинап жүр екен. Анасының айтуынша, Бекарыс екі жасқа толғанда үшінші қабаттан құлап кетіпті. Бала аман қалғанымен баланың жүйке жүйесі ауыр зақымдалған. Дәрігерлер оған бассүйектің резерциялы трепанациясы деген диагноз қойған. Бұл дерттен айығу қиын десе де баланың ата-анасы үмітін ешқашан үзген емес.

«Ашық бас-сүйек ми жарақаты және оның себептері диагнозы қойылып отыр. Басында ісік және талма ауруы бар. Көп жерге қараттық. Бірақ оны ешқайсысы емдей алмайды. Мен қаншама жерге бардым. Сол кезде «Оны осы күйінде қабылдаңыз. Тірі қалғанының өзі жеңіс. Негізі ондай ауыр жағдаймен адам тірі қалмайды» дейді. Тек қолдаушыларға сеніп отырмыз», — дейді анасы Сәния.

Бекарыстың еміне деп қазіргі кезде 2 миллион теңге жиналған. Баланы емдетуге Қырғызстанға апарғалы жатыр екен.

«Ол жақта емші сияқты бір дәрігер бар. Сол «қолымнан келгенін жасаймын, сәл өзгерсе алып келесіз. Егер болмаса онда менің қолымда емес» деді. Израильдегілерге жіберсем, сіздердің жағдайда тек ми орналастыру керектігін айтты. Қазір елдер көмектесіп жатыр. Бұлай болады деп ойламадым. Бәріне рахмет. Бәрі уақытша деп ойлаймын. Қазір елдер көмектесіп жатыр. Біздің үмітіміз оянды», — дейді көзіне жас алған анасы.