Солтүстік Қазақстанда жас полицей өз-өзіне қол жұмсады

Марқұмның әріптестері суицид фактісін растады, қазір тергеу жүріп жатыр, қызметтік тексеріс те басталды

НҰР-СҰЛТАН, 19 ақпан – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында 29 жастағы полицей өз-өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан өңірдің полиция департаментіне сілтеме жасап.

Қайғылы хабар сейсенбі күні өңірдің әлеуметтік желілерінде тарады. Онда марқұмның әріптесі полицейдің өз-өзіне қол салғанын және басшылығымен арада келіспеушіліктер болғанын айтты.

Полицейдің өз-өзіне қол жұмсағанын полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.

«15 ақпанда Петропавлда Смирново аудан орталығының тұрғыны жалдамалы пәтерде өз-өзіне қол салды. Өзіндік қауіпсіздік басқармасы Аққайың аудандық полиция бөлімі қызметкерінің өліміне қатысты қызметтік тексеріс бастады,» – деді полициядан.

Тергеу барысы облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаевтың жеке бақылауында.

Қылмыстық кодекстің 105-бабы «Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Бапқа сәйкес, егер кінәлілер анықталса, олар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

© sputniknews.kz