Өзбек студенттерінің Қазақстаннан жаппай кетуі: білім министрлігі не дейді

Туындап отырған жағдай қазақстандық жоғары оқу орындарына кері әсер етпейді дейді ведомство өкілі

НҰР-СҰЛТАН, 16 ақпан – Sputnik. Қазақстанның білім және ғылым министрлігі елімізде оқитын өзбек студенттерінің жаппай кетуіне қатысты түсініктеме берді.

Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов өз Facebook парағында мән-жайды түсіндірді.

«Баршаңызға мәлім, соңғы уақытта елімізде жоғары біліп алып жатқан Өзбекстан азаматтарынан өзбекстандық жоғары оқу орындарына ауысу туралы өтініштер түсе бастады. Бұл шешім Өзбекстан елшілігінің өкілдерімен кездесу барысында анықталды. Оған Өзбекстанда жоғары білім алу мүмкіндігінің артуы себеп болып отыр», — деп жазды ол.

Министрлік өкілінің айтуынша, өзбекстандық студенттер өзге де шекаралас елдердің оқу орнынан өздерінің тарихи отанына ауысып жатыр.

«Қазір әлем бойынша халық жаппай жоғары білім алуға ұмтылады. Одан бөлек, барлық жерде академиялық мобилділік бойынша кедергілер жойылуда. Туындап отырған жағдай — қазақстандық жоғары оқу орындарына кері әсер етпейтін табиғи процесс», — деді Дәуленов.

Вице-министр Қазақстанда 2017 жылы студенттерді шетелдік жоғары оқу орындарынан отандық жоғары оқу орындарына ауыстыру кезінде кешенді тест тапсыру талабы алынып тасталғанын еске салды. Соның нәтижесінде 37 мыңнан астам студент Қазақстанның жоғары оқу орындарына ауысу мүмкіндігіне ие болыпты.

© sputniknews.kz