Мәжіліс депутаты Қордайдағы мәселе жайлы: Бізге қарсы дүнгендер үгіт жүргізіп жатқан шығар?

Загрузка...

Қордайдағы жағдайға байланысты үкімет құрған комиссияның құрамында болған мәжіліс депутаты Бақытжан Смағұл аталған оқиғаға қатысты сөз қозғады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды.

Депутат мешіт имамдары ҚМДБ сайлауынсыз уағыз айта берітіндігін сынға алды.

«Дүнгендерге тәрбиенің басым бөлігі мешітте беріледі. Ал оның басты уағызшысын Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы сайламайды. Дүнген тілінде уағыз айтылып жатады. Ол не айтып жатыр? Бәлкім, бізге қарсы үгіт жүргізіп жатқан болар?! Дүнгендер тек Құранды ғана емес, қоғамды сыйлай білуі шарт. Сондықтан мен еліміздің бас мүфтиі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлымен сөйлестім. Ол облыстық имамды Қордай ауданына жіберді. «Діни бағыттағы сала бақылауда болады. Жұмыс жасаймыз. Әр шараны қадағалап отырмын», – деді маған жаңа бас мүфтиіміз», – деп наразылығын көрсетті Смағұл.

Депутат мысал ретінде көршілес Қытайдағы жағдайды атап өтті. Сөзінше, аспан асты елі басқа ұлттың өкілдеріне арнап арнайы заң жобасын құрастырыпты. Аталмыш заңға сәйкес, өзге ұлт өкілдері міндетті түрде қытайлықпен дос болуы шарт екен.

«Көрші Қытайда әртүрлі ұлыстарды қоғамға кіріктірудің түрлі тәжірибесі мен тәсілі бар. Мысалы, егер сен қазақ болсаң, қалайсың ба, қаламайсың ба, ешкім сұрамайды, міндетті түрде қытайдан досың, жолдасың болуға тиіс. Дүркін-дүркін, жетісіне бір рет қонаққа шақырып, үйіңде қондырасың және оған қонаққа барасың. Осыған мәжбүрлейтін бұйрық бар. Халықтарды араластыру осылай жүзеге асырылады. Біз олай мәжбүрлеп отырған жоқпыз. Екі ортада көпір тұр, сонымен араласып, оны «достық көпіріне» айналдыруға болады. Қазақ қариялары да бұл жағы кемшін болғанын мойындап, қарым-қатынасты жолға қоюға келісті. Дүнгендердің қазақ еліне үдере көшіп келгеніне бір жарым ғасырдай уақыт өтіпті. Алайда іргедегі қазақтармен аралас-құраластығы үзілген. Екі ортада көпір тұр. Пайдаланбайды. Бұл мәселелердің барлығы өткен ғасырдан бері қордаланған. Енді оны тәуелсіздік аясында толық шешу аса маңызды. Жалғыз дұңған ғана емес, басқа барлық этностар мемлекет құраушы қазақ халқымен бірге бір ұлт болып ұйысуы керек. Әйтпесе, әрқайсысы әр жаққа тартып, жерімізді ту-талақай ету қаупі бар», – деді депутат.

Бұған қоса Смағұл дүнгендердің төл мейрамымыз Наурызды тойламайтындығын атап өтті.

«Дүнгендер әз-Наурыз секілді ұлттық мерекелерімізді тойламайды. Олар үшін бұл жат. Әкімдіктің ішкі саясат бөлімі «ұрпағы көз үйретсін» деп Ұлыстың ұлы күнін атап өтуді талап етеді, мәжбүрлейді. Бірақ бұлар ондай мерекеге шақырғанға келмейді. Тек Ораза мен Құрбан айтты ғана мейрам санайды»., – деді шенеунік.

Ең сорақысы кейбір мектеп ұстаздары егіндік уақытында сол жаққа барып сабақ өтеді екен. Өйткені дүнгендердің балалары мектепке бармай, егін жинауға кететін көрінеді.

«Мектеп директорымен тілдестім. Ауқатты ауылдық округінің білім ордасында 1,5 мың оқушы оқиды. Соның 1300-і – дүнген, ал 200-і – қазақ балалары. Көпшілік азшылыққа әлімжеттік жасайды дейді. Мұғалімнің тілін алмайды екен. Дүнгендар ертелі-кеш үлкенінен кішісіне дейін жермен жұмыс жасайды, егін салады. Мұғалім балаларын мектепке келтірмек болса, «Сабақ бергің келсе, егіндікке кел!» деп айтады екен. Тіпті науқан кезінде егістікке барып сабақ беріп жүргендері де бар көрінеді. Бұл әрине, өрескел дүние. Мұның дұрыс емес екені жөнінде ескерту жасадық.
Мектеп ауласындағы дәретханада жас қыздың зорлануына қатысты сорақы оқиғадан кейін бар жердегі білім ордалары ауласына бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынды. Бірде осы мектеп ауласында кезекшілік етіп жүрген мұғалімдер бөтен жігіттердің жүргенін байқап, сыртқа шығып кетуін сұрайды. Олар екі ұстазды ауладан аулақ шақырып алып, тепкілеп ұрып кеткен. Артынан араға ақсақалдар түсіп, екі жақты бітістірген», – деп қосты Смағұл.

Сортөбе ауылдық округіндегі 24 мың халықтың басым көпшілігі, яғни 23 мыңы – дүнген екен. Біразының үйінде қару-жарақ бар деген мәлімет айтылды. Алайда қазақтардан тәркіленген қару олардан тәркіленбепті. Алдағы уақытта олар қаруды заңды алған ба, әлде заңсыз жолмен иеленгенін анықтау үшін шараларды қолға алу жоспарланыпты.

Жамбыл облысының Қордай ауданына Парламенттен, үкіметтен, бас прокуратурадан, ұлттық қауіпсіздік қызметінен және басқасынан өкілдер келіпті. Жергілікті халықты мазалаған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді анықтап, жазып алды. Мектеп, аурухана, жол мәселелерін шешіп беруді сұрайды. Алдағы уақытта ол бойынша үлкен жұмыс жасалуға тиіс. Жұртшылық төбелестің қайталануын емес, жылдар бойы қордаланған түйткілдердің нақты шешілгенін қалайды дейді депутат.

Еске салайық, бұған дейін  Қаракемер тұрғындары масанчиліктермен жиі болатын кикілжіңдер жайлы айтып берген еді.

Загрузка...
Like this post? Please share to your friends:
Qazbrand.info
Пікір үстеу

;-) :| :x :twisted: :smile: :shock: :sad: :roll: :razz: :oops: :o :mrgreen: :lol: :idea: :grin: :evil: :cry: :cool: :arrow: :???: :?: :!: