Қордай қақтығысы құрбандарының саны артты. Соңғы мәліметтер бойынша 182 адам жарақат алды. Қазір 41 адам ауруханада жатыр, бес адамның жағдайы ауыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Алматы қаласының Орталық қалалық ауруханасында өткен брифингте айтылды.
“Оқиға салдарынан барлығы 182 адам жарақат алды, негізінен жеңіл жарақат, көпшілігі дереу амбулаториялық емдеуге жіберілді. Бүгінгі таңда 29 науқас Алматыдағы ауруханаларда, олардың төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Жамбыл облысындағы ауруханаларда 12 науқас бар. Олардың 11-і Қордайда, біреуі Тараз қаласында. Ертең оны Алматыға әуе арқылы жеткізу жоспарлануда, Қырғызстаннан тоғыз науқас екі тікұшақпен Алматыға жеткізілді. Ең кішісі 17 жаста, үлкені – 77 жаста” – деді вице денсаулық сақтау министрі Камалжан Надиров деді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Кордайдағы жанжалдан кейін 170 адам медициналық көмекке жүгінгені туралы хабарланған болатын. Ауыр жарақат алғандар да бар. Соңғы мәліметтер бойынша, қақтығыс кезінде сегіз адам қаза тапты, тағы екі адам емханаларда қайтыс болды.