Қордай қақтығысы: Оқ тиген көзімнен қан атқақтай жөнелді - Серік Жүнісбеков

Қордай қақтығысы: Оқ тиген көзімнен қан атқақтай жөнелді - Серік Жүнісбеков

Қордайда қақтығыс болған күннің ертеңінде-ақ әлеуметтік желі арқылы жоғары шенді полиция қызметкеріне оқ тигені туралы ақпарат тарады. Ішкі істер министрлігі полицейлер жарақаттанғанын хабарлағанымен, олардың кім екенін ашып айтпады.

Әлеуметтік желі арқылы жеткен тілдей хабардан жарақаттанғандардың бірі Алматы облыстық ПД басшысының бірінші орынбасары, подполковник Серік Жүнісбеков екенін білдік. Ол қазір Алматы қаласының орталық клиникалық ауруханасында жатыр.

С.Жүнісбеков «Время» газетінің тілшісі Михаил Козачковқа эксклюзивті сұхбат берді («Не в бровь, а в глаз»).

- Серік Тұрсынәліұлы, қандай жағдайда жарақат алдыңыз?

- Алматы облысының Қарасай және Жамбыл аудандық ІІБ-нің жеке құрамымен бірге Жамбыл облысының Қордай ауданына бару туралы бұйрық алдым. Бізді қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жіберген. Көрші аймақтағы Масаншы және Сортөбе ауылдарына барғанымызда, қақтығыстар басылыпты. Сол себепті бізді Бұлар батыр ауылына бағыттады.

Ауылға кірген соң мен жеке құрамды бір қатарға тұрғыздым да, Жамбыл облыстық ПД жеке құрамына көмектесу үшін тобымызбен тәртіпсіздік ошағына қарай жылжыдық. Біздің тобымыздың жарағы түгел еді: оқ өткізбейтін кеудеше, шлем, қалқан. Жүріп келе жатқанымызда топ ішінен бізге қарай оқ атылды. Бір түйір қорғасын менің көзіме тиді де, қан атқақтай жөнелді. Содан мені Қордай аудандық ауруханасына жеткізді.

- Жарақатыңыз қаншалықты ауыр болды?

- Қордай ауруханасында кезекші хирургтар алғашқы көмек көрсетіп, жарақат асқынып кетпес үшін қорғасынды алды. Сөйтті де, мені Алматыға жіберді. Осы жерде ота жасап, көз ұясын тазалап, жарақатты тігіп берді. Екі аурухананың дәрігерлеріне, медқызметкерлеріне алғыс айтамын.

- Сіз сонда алдыңғы шепте жүргендіктен жарақат алдыңыз ба? Дұрыс түсіндім бе сізді?

- Иә.

- Әдетте подполковниктер мен полковниктер мұндай операцияларға алыстан жетекшілік жасайтын еді...

- Мен өз тобыма жетекшілік жасағандықтан, топтың алдында жүруге міндеттімін.

- Сіздің ойыңызша, Қордай ауданындағы қақтығыс неден басталды?

- Мен комиссия мүшесі емеспін, ведомствоаралық тергеу тобында да жоқпын, сондықтан болжам жасай алмаймын. Бізге нақты тапсырма берілді, біз оны орындадық.

- Дәрігерлер не дейді? Денсаулығыңызға қауіп жоқ па?

- Жуық арада көз жанары толық қалыпқа келеді дейді. Ем аяқталған соң қызметіме ораламын.

© www.nege.kz

Бүгінгі жаңалықтар
qazbrand.info

Бұл желі ресурсының ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан азаматтарға арналған.


Мекенжайы:
010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Сарайшық көшесі, 34.

Байланыс телефоны: +7 775 759 2992.

E-mail: qazbrand.info
888