Алматыда танымал тележүргізушінің әйелін өлтіргендердің бірі тергеушілер келмей жатып асылып өлмек болған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Гүлдерайым Омарова әдеттегідей пәтерақысын алуға келген. Алайда уақытша тұрып жатқан қыздар ақшаның орнына келіншекке пышақ ала жүгіріпті.

“Бәрі қан, одеало қан, жастық қан боп жатыр. Мойнының сол жағына 6 рет сұққан, оң жағына екі рет салған”, – дейді марқұмның көршісі, Серік Құрманғалиев.

Көршілерінің айтуынша, 4 бөлмелі пәтерді 6 қыз жалдап тұрыпты. Марқұм ақысын сұрап келгенде үйде екеуі болған. Сұмдық қылмысқа барған да солар көрінеді. Полициямен бірге еріп пәтерге кірген көршінің айтуына қарағанда, қыздар қылмыс орнын жуып тазалаған. Ал қанға боялған шүберектер мен киімдерді кір жуатын машинаға салып үлгеріпті. Мәйітті балконға жасырған. Тергеушілер сау етіп келгенде, қыздардың біреуі далаға қарай қашса, екіншісі асылып өлмек болыпты. Алайда, ол ойлары жүзеге аспай қалды. Жалпы, қанды қылмыс болған пәтерге полиция жиі келіп тұрады екен.

Ал дау 90 мың теңге үшін туындаған болуы мүмкін. Десе де, марқұмның бұрынғы күйеуі, танымал актер Рахман Омаров қыздардың берешегі болмағанын айтады. Балаларының анасын өлтіргендерді ол да таныған екен.

“Танитын адамдардың қолынан кетеді деп кім ойлайды? 2,5 жыл көріп жүрген қыздар. Қазақтың кәдімгі қарапайым қыздары панасыз жүрген. Қыздардың қатігез боп кеткендігі, сол болмашы тиын-тебенге адамның өмірін қиятыны. Бұл жерде тек ақша ғана емес, басқа да бір нәрсе бар сияқты”, – дейді марқұмның бұрынғы күйеуі, Рахман Омар.

Өйткені марқұм бір нәрседен сезіктенетінін айтып, туған әпкесіне қоңырау шалыпты. Артынан ұлы іздеп барған. Бірақ ол да ажал құша жаздапты.

“Үйді қарап шығайын мен мамамды іздеп жүрген едім бір қарап шығайын деп неғылдым. Қыз маған сосын пышақпен атылды. Маған сұққысы келді пышақты. Бар күшіммен ұстап тұрдым. Үлкен денелісі маған жатып алды. Барлық күшімді қолға жинап, ананы итердім дағы үйден қаштым”, – дейді Гүлдерайым Омарованың ұлы, Досхан Кәкімов.

Қанды қылмыс бойынша тергеу басталды. Ал күдіктілер 20-30 жас шамасындағы қыздар. Біреуі Түркістан облысы Шардараның тумасы. Қазір асылып өлмек болған қыз қолы кісенделіп ауруханада жатыр. Екінші күдікті қаладан кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Ал марқұмның артында үш ұлы қалды. Ортаншысы кеше ғана мектеп бітірсе, кенжесі небәрі 8 жаста. Бұған дейін балаларынан бөлек тұрып келген тележүргізуші анасынан айырылған ұлдарын өз қамқорлығына алмақ.

Айта кетейік, бұған дейін актер әрі тележүргізуші Рахман Омардың бірінші әйелін екі келіншек пышақтап кеткенін хабарлаған едік. Гүлдерайым Омарова алған жарақат салдарынан көз жұмған.

Бөлісу:


Загрузка...
Жариялағанstan.kz