Ырза Тұрсынзаданың айтуынша, Қыдырәлі Болман мен Қарақат Әбілдина “Алтын Орда” халықаралық қолөнершілер академиясының ғимаратын тартып алған.

Белгілі қолөнерші, талай халықаралық марапаттардың иегері Ырза Тұрсынзада БАҚ өкілдерімен кездесіп, өзін ашындырған мәселе туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

“Ол коттеджді Иманғали Тасмағамбетовтің өзі қалдырып кеткен”

Белгілі қолөнерші басқаратын “Алтын Орда” халықаралық қолөнер академиясының ғимараты Астанадағы Абылай хан, 22 мекенжайында орналасқан. Ырза Тұрсынзада 2009 жылдан бастап оны жалға алған. Кейін әкімдік оны жол салу үшін сүреміз деп алған екен.

“Ол кезде қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов болатын. Мен сол кісіге жолығып, бар жағдайды айтып түсіндірдім. Ұлттық өнерімізді, салтымызды жаңғыртатын орталық екенін айттым. Иманғали мырза маған көмектесіп, коттедж сол күйі қалған еді”, — деп бастады сөзін Ырза ханым.

Алайда биыл сәуір айында этнодизайнер он жылдай жалға алып отырған коттеджінен қапелімде айырылып қалған. Ғимараттан айырылған кезде, дизайнер Астанада болмапты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің жанынан құрылған топ мүшесі ретінде өңірлерді аралаған екен.

“Бейнеуде жүрген кезде келеңсіз хабар алдым. Біздің коттедждің есігін біреулер болгаркамен кесіп, он-он бес адам ғимаратқа рұқсатсыз басып кірген. Мен аң-таңмын. Не істерімді білмеймін”, — деп еске алды ол.

Ырза ханым коттедждің жаңа иесі шоу-бизнес жұлдыздары Қыдырәлі Болман мен Қарақат Әбілдина екенін кейін білген. Ал жұлдызды жұп дизайнер іссапарда жүргенде коттеджді тартып алмақшы болған.

“Мен талай адамды ол орталықта қолөнерге баулыдым. Сонымен қатар онда тегін шеберлік сағаттары өтетін студия орналасты, ұлтымыздың бірегей жәдігерлері сақталған. Біздің есігіміз әрдайым ашық еді. Әкімдік қызметкерлері қалаған уақытында келіп, кіре алатын. Кейін мен әкімдік қызметкерлерінен келісімшарттың Қыдырәлі Болманның қолына қалай түскенін сұрадым. Сөйтсем, келісімшарт “Айсұлтан ЛТД” компаниясымен жасалыпты. Ал сәуірде Алматы аудандық сотының сырттай шешімі негізінде есікті болгаркамен кесіп, еш ескертусіз кірген. Сот шешімі жазылған конвертті менің әріптесіме ұсынған. Жеке басқа қол сұғушылық болмау үшін, әріптесім бұл хатты ашпаған”, — дейді Тұрсынзада.

Бір-екі тонау фактісі, тағы басқа келеңсіз жайттар болған кезде, Ырза Тұрсынзада коттежде істеген қыз-келіншектеріне бөтен біреуге есікті ашпауды тапсырған. Дизайнер жұмыс бабымен өңірлерді аралап жүргенде, әкімдіктегілер осы себептен коттеджге кіре алмапты.

Ғимараттағы құнды жәдігерлердің бәрі шаң басқан қоймаға шығарылды

“Академияда істейтін қыз-келіншектерді наурыз мерекесінен кейін еңбек демалысына жібердім. Өйткені 6 шілде күні жұмыс көп болады, соған дейін демалып келсін деп. Коттеджде тек үш қыз ғана қалған. Оның бірі Өзбекстаннан келген, жанымда 20 жылдай істейді, өзі жүкті. Тағы біреуі 10 жылдан астам қасымда, Түркістанның қызы. Бір күні маған хабарласады: біреулер келіп ғимаратты заттарды жүк көліктеріне тиеп жатыр деп. Таңғы сегізден кешкі бірге дейін өздерін сот орындаушыларымыз деп таныстырған бейтаныс адамдар студиядағы, музейдегі заттардың бәрін көлікке тиеп белгісіз жаққа алып кеткен. Мүліктің сақталуына жауап бермейміз деп те айтқан. Сөйтіп, орталықтағы сан жылдар бойы жинаған заттарды әріптестерім түннің бір уағына дейін жинап, шығаруға мәжбүр болған”, — деді ол.

“Қыдырәлі мен Қарақатқа жаман сөз айтып, қиянат жасаған адам емеспін”

“Қарақат маған жан апам деп сөйлейді. Қарақатты білесіздер, оның тілі бал. Қазір осы эфирді пайдаланып мынаны айтқым келеді: бал тіліңнен у тамған Қарақат екенсің. Мен бұл сөзді, Қарақат” сенің жеке басыңа арнаймын”, — деді әбден ашынған Тұрсынзада.

Дизайнер Қарақаттың өнерін жақсы көретінін, “Ұлытауды” сонау Голливудтың төрінен шығарғаны үшін жұбайы Қыдырәліні де ерекше сыйлайтынын айтты. Алайда, мына әрекеттерін еш түсіне алмады дейді.

“Маған жұрт “сіз осы Қарақат пен Қыдырәліге шаң жуытпай, жүрген жеріңізде ылғи мақтап жүресіз, бір-ақ шын мәнісінде қандай адам екенін білмейсіз ғой” деп талай айтты. Қаншама халық айтты, мен тыңдамайтынмын.  Өкінішке қарай, араласа бастаған кезден Қарақат пен Қыдырәлінің өзіме қатысты талай келеңсіз жағдайын көрдім. Сосын айттым: Қарақат, айналайын, ел-жұрттың әңгімесі көп, сен сол ел-жұрттың әңгімесін ақтамасаң да, менің ниетімді ақтасаңшы деп”, — дейді ол.

Тіпті инстаграм парақшасында “Қарақат ана” атты жоба да арнапты.

“Қарақат менің коттеджімде болған кезде, осы ғимаратты заңдастыру үшін әкімдікке құжат жинап жүргенімді айтқан едім. Олар менің екі жыл келісімшарт жасай алмай жүргенімді білді. Әкімдер ауысып, реті келмей жүрген еді. Кейін “Астана” ӘКК құрылған кезде, Қыдырәлі бұл коттедж ешкімге тіркелмегенін біліп, “Астана” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен (ӘКК) келісімшартты өзі бекіткен”, — деп күрсінді ол.

“Ырза Тұрсынзада өтірік сөйлеп отыр”

Журналистермен кездесу аяқталған соң, жұлдызды жұп өздеріне тағылған айыпқа қатысты не айтар екен деп, Қарақат Әбілдинаға қоңырау шалдық. Тұтқаны әншінің өзі көтерді. Хабарласқан мақсатымызды айта берген себебіміз сол еді, телефонның ар жағынан ер адамның даусы келді. Өзін Қыдырәлі Нұртайұлының көмекшісімін деп таныстырды.

“Былтыр қыста Астана әкімі қатысқан үлкен форумда Қыдырәлі Нұртайұлы балаларды оқытуға арналған ғимарат сұрады. Бос ғимарат болса, МЖӘ аясында рәсімдеу туралы ұсынысын айтты. Әкім де оны бірауыздан қолдап, сөйтіп ол бірден ӘКК-ге тапсырылды. ӘКК бізге 5 ғимараттың мекенжайын берді. Құжатта ғимараттың барлығы бос, еш жерде тіркелмеген деп көрсетілген”, — деді көмекші Баттал Жұмағадинов.

Айтуынша, бес ғимаратты мамандар аралап, мектепке ыңғайлысын таңдап алған. Таңдалынған ғимарат Ырза Тұрсынзаданың коттеджі болып шыққан. Бірақ шоу-бизнес өкілдері ғимаратты дизайнер жалға алып отырғанынан хабарсыз болған.

“Оның ішінде біреулер тұрғанын ешкім білген жоқ. Өйткені заң жүзінде тексеріп келген кезде, ешкім тұрмаған, ешкім тіркелмеген. Бес ғимаратта кімнің тұрғанында біздің шаруамыз жоқ. Бізге оны әкімдік берді. Біз де таңдап алдық”, — деп түсіндірді көмекшісі.

Жұмағадинов Ырза Тұрсынзаданың айтып отырғандарын жоққа шығарамыз деді.

“Қарақат ханым ол коттеджде болған емес. Сосын Қарақат ханымның бұл мәселеге жалпы қатысы жоқ, өйткені ол ӘКК-ге де барған жоқ, форумға да қатысқан жоқ. Екіншіден, бос тұрған бес ғимараттың біреуін таңдап алған кезде, бұл жерде адам тұрады деп ешкім айтқан жоқ. Заңды қағаздар бар, онда бос деп көрсетілген”, —деді ол.

Көмекші Қарақат пен Қыдырәлінің бұл іске еш қатысы жоқ екенін тағы бір мәрте қайталап айтты.

“Бұл жерде нақты сөйлейтін қағаздар деп ойлаймын. Егер біреу тіркелген болса, әкімшілік ешкімге ұсынбайды ғой. Солай емес пе? Тұрсынзаданың жалға алғанын жақында ғана білдік, келісімшартқа отырғаннан кейін. Кейін ол кісіге хабарласып едік, телефонды ешкім көтерген жоқ”, — деді ол.

Жұмағадиновтың айтуынша, Ырза Тұрсынзададан тартып алынған коттеджде Қарақаттың балаларды дамыту мектебі ашылмақ.

Бөлісу:


Загрузка...
Жариялағанsputniknews.kz