Күні кеше қазақ еліне танымал тұлғалар мен отандық шоу-бизнестің басын қосып, дүркіретін той жасаған Төреғали тұңғыш рет жұбайы Толқын екеуінің таныстығы жайлы тіл қатты. Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген Төреш пен Толқын бұл жолы барлық сырды ақтаруға әзір.

Айта кетейік, екі жастың таныстығы осыдан 10 жыл бұрын бастау алған көрінеді. Бірақ, тығыз қарым-қатынаста болмаса да, анда-санда кездесіп, жүздесіп тұратын сәттері де жоқ емес! Алайда, біраз уақыт Төреш хабарсыз кетеді. Сол кезде бойжеткен өзі бірінші болып сері жігітке хат жолдаған.

«Бір күні студияда отырғанда, «Сәлем, қалайсың?» деген хат келді. Ол кезде мыңнан астам хаттар ашылмай тұратын кездер еді. Бірақ, бұйрық болар, Толқынның хатын оқыдым. «Әй, сен Каспийдің толқынысың ба» дедім әзілдеп. Ол баяғыдағы КазГУ-дегі Толқынмын ғой дейді. Сол кезде Толқынның інісі үйленіп, Төреғалиды тойға шақырайық деген әңгіме шыққан. Оның нөмері сіздерде бар ма деп, бұл менің нөмерімді алған. Сөйтіп бір-бірімізді қайта тауып алдық», – дейді Төреғали.

Қайта табысқан екі жас сол сәттен бастап қарым-қатынасты үзбеуге уәде береді. Осы уақыт ішінде Толқын сері жігіттің сезімін селт еткізіп үлгерген. Енді Төреғали қыз назарын аудару үшін түрлі қадамдарға барады. Тіпті, Толқынның туысының тойына тегін ән салып беруге келіседі.

«Содан кейін кездесіп ол тойды тегін өткіземіз ғой деп, ары-бері Толқынның көңілін аулап, содан ары қарай көп ұзаған жоқ. Екі-үш ай өткеннен кейін үйленіп кеттік. Бірақ мен бірден үйленіп кетемін деп ойлаған жоқпын. Бірақ осы қызды алатынымды білемін. Үйдегілер келіспей, қоярда қоймай, бұл баланы талтаңдатып жүргізбеу керек, бірден үйлендіру керек деп, ата-анамның бұйрығымен үйлендім», – дейді жас әке.

Бұл 2014-ші жылдың күз мезгілі еді. Қайын жұрттың алдынан өткен күйеу жігіт қыз ұзатудан кейін, әулетке келін түсіріп ұзақ уақыт бойы гастролдік сапарға кеткенін айтады.

«Сол үйлену тойдан кейін бір жарым айдан кейін мені Толқын бірақ көрді ғой. Өнер адамдарының жолы қандай екенін, олардың түзде жүретінін түсінді. Содан бері қай күні той жасаймыз деп күттік осы күнді. Қыз ұзату болды, беташар болды. Бірақ, мен журналистерге қай күні той жасайтынымызды айтқан жоқпын. Өйткені, үйлену тойымның қашан болатынын білген жоқпын. Сол себепті ол тақырыпты қозғағым келген жоқ», – дейді Төреғали.

 

Ал, 3 жыл бойы жұрт назарынан тыс жерде өмір сүрген ақ келіннің көпшілік көкейіндегі сансыз сауалдарға берер жауабы дайын.

«Мен жарымды қандай мәселе болмасын, басқа болмасын әрдайым қолдаймын. Мен үшін айтарлықтай қиындық туғызған жоқ. Аллаға шүкір, барлығы жақсы», – дейді әншінің жұбайы Толқын.

Еске сала кетейік, күні кеше Алматы төрінде Төреғали мен Толқынның үйлену тойы дүркіреп өткен еді.

Бөлісу:


Загрузка...
Жариялағанstan.kz