Қазақ елінде қазақ тілді сайттар сап түзеп келеді. Әлеуметтің әлеуетін әртүрлі жанр, сауатты стил арқылы әдемі көрсетуде. Телерадио, баспасөздің жеке сайттары қатарына енді-енді етек-жеңін жинап келіп қосылып жатқан интернет газеттердің үміт үдесінен шығар үлестері баршылық. Әзірге саны аздау демесеңіз, сара сөздің салмағы – батпан.
Бұқаралық ақпарат құралдары дегеніміз – халықтың «көзі, құлағы һәм тілі» екенін жұрт жақсы білетін деңгейге жетті. Ал қоғамдық пікір қалыптастырушы қалам иелері – сол қалың бұқараның жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген жаршысы, жанашыр жоқтаушысы! Бұны да бір кісідей ұғынып, қоғам құзіретіндегі берекесіз тірлікке бірдей атой салудың орнына… Автор көтерген мәселенің мән-мағынасын ақыл таразысына салып, салмақты және сауатты түрде саралаудың орнына… Бір кісінің сәл білместік жіберген жерін біліктілік безбенінен жақсы ниетте өткізудің орнына… Сайтқа шыққан салиқалы сөз иелерін боқтайсыздар-ай, келіп! Талқының орнына томпақ бірдеңелерді шұбырта шатпақтап, анау үстіңгі тақырыпқа түк қатысы жоқ, кері тартқан кержақ әңгімені қаптатып қоясыздар! Ең өкініштісі, сондай жеке бастың өнбес дауын қуалап, өспес ұлттың кебін көрсететін ұсақтыққа баратындар – өңкей ер азаматтар. Тексіздігін танытып ала беретін құр байбаламды қою керек қой!
«Тегін адам таз болмайды» дегендей, сайт тегін ашылмайды. Ашылған соң, оған тегін дүниелер жариялана бермейді. Оны жазған адам тегіннен-тегін сөз саптай салмайды. Қазағыма болсын дейді. Қазағымның қазаны толсын дейді. Қазағым жыламасыншы дейді. Қазағымды бассыздар басынбасын дейді. Ал сонда, сол текст тасасына тығылып алып, пікірлесу бұрышында пыш-пыш өсек соғуды, бейпілденіп, бейәдептік танытуды өзінше бір рахат сезінетін қазақ – қандай қазақ?!
Тағы да түсінігі бұра тартқан біреулер «көпке топырақ шашып отыр» деп ойлап қалмасын! Өз-өзімізге әрқашан да тілеулес әрі сүйеу бола білмесек, тыныс белгісінің өзі дұрыс қойылмайтын түкке тұрғысыз шалдыр-шатпақ, балдыр-батпақтар – санасына сайтан ұялаған имансыздың сандырағы ғана!

Еркеғали Бейсенов фейсбук парақшасынан

Бөлісу:


Загрузка...