Астанада медициналық университетіндегі жанжалға кінәлілер жұмыстан қуылды

Астанада оқудан шығарылған медициналық университеттің 117 студентіне қатысты  үлкен даудан кейін жауаптылар жаппай жазаланып жатыр, деп хабарлайды КТК.

Оларды  жалған құжатпен оқуға қабылдаған факультет деканы мен оның орынбасары және тағы бір қызметкері жұмыстан қуылған.

Ал аяқасты оқудан шығып қалғандар негізінен магистранттар мен докторанттар. Оларға 61 мың мен 82 мың теңге аралығында шәкіртақы төленген. Сонымен бірге, грантта білім алғаны үшін мемлекет тарапынан төленген қаражат бар. Соның бәрін 117 студенттің әрқайсысы түгел қайтару керек. Бірақ, солардың 18-і қазір адвокат жалдап, сот арқылы құқықтарын қорғап жатыр Айта кетсек, жанжал  “IELTS” бағдарламасы бойынша, яғни ағылшын тілін меңгергендігі туралы сертификаттан басталған.

Тексеріс кезінде оның жалған екенін анықталды. Енді басы дауға қалған Астана медициналық университеті Денсаулық сақтау министрлігіне қарайды. Олар қазіргі уақытта білім ошағының ендігі тағдырын Білім және ғылым министрлігімен бірге талқылап жатыр.

“Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тарапынан нұсқама беріліп және әкімшілік құқықбұзушылық туралы  хаттама толтырылған болатын. Егер де университет өзіне жүктелген нұсқамаларды толдық орындамаса, онда министрлік тарапынан лицензияны қайтарып алу туралы сұрақ қойылады”, – дейді Жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру деканы Ернар Тұрсынбет.

Астана медициналық университетінен қапыда шығып қалғандардың бірі аты-жөнін атап, бет-жүзін көрсетуге қарсы болды. Өзінің айтуынша, университет мемлекет грантын пайдаланғаны үшін  5 миллион теңге қарызды мойнына іліп берген. Бірақ ол осы былықтың бәріне білім мекемесінің өзін айыптайды.

-2017 жылдың қыркүйектің 26-сы күні деканаттан  қоңырау шалып «IELTS» сертификат жалған екенін айтты. Бірақ құжат  тапсырған кезде қабылдау комиссиясы қайда қарады? Неге сол кезде жалған екенін тексеріп, бізге айтқан жоқ?

Резидентура ғана емес, миллиондаған қарызды грантта оқыған қалған 116  магистрант  пен докторанттардың бәрі де өтеу керек. Өйткені, айлық шәкіртақыларының көлемі қарапайым жұмысшылардың жалақысынан кем емес.

“Ай сайын резидентура, магистратура бойынша білім алушыларға 61 561 шәкіртақы төленеді. Доктарантурада оқитын білім алушыларға 81 998 теңге шәкірақы төленеді. Одан бөлек,  ай сайын оқуға магистратураға 65 мың теңге,  резидентурада 67 мың теңге және доктарантурада 120 мың теңге тұрады”, – дейді Жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру деканы Ернар Тұрсынбет.

Ал  полиция  бұл былыққа қатысты екі күдіктіні анықтапты.  Бұлардың арасында медициналық университеттің оқытушылары да болуы әбден мүмкін.  Өйткені, университеттің магистратурасына түсуге көмектесетіндерін айтып, талапкерлерге өздері хабарласқан. Ал оқу орны басшылары олардан түк хабары жоқ екенін айтып айдан түскендей болып отыр.

“Бір әйел деп айтты. Ол қандай әйел, неғылған әйел? Біреулері көшеде жолықтырдым дейді, біреулеріне өздері хабарласқан. Менің ойымша, студенттер бәрін ашып айтпай отыр”, – дейді Астана медициналық университетінің ректоры Мәжит Шайдаров.

Әзірге Астана қаласының Ішкі Істер департаменті тергеу құпиялылығын желеу етіп  күдікке ілінгендердің атын атап, түсін түстеген жоқ.   Айта кетсек, Білім және ғылым министрлігі 117 студенттің жалған құжатпен оқуға түскенін былтыр анықтаған болатын. Олардың университетке тапсырған ағылшын тілінен халықаралық «IELTS» сертификаттары жалған боп шыққан.

Бүгінде медициналық университеттің лицензиясы 6 айға уақытша тоқтатылған. Осы аралықта білім ошағы бүкіл заңға қайшы әрекеттерін жөнге келтіру керек. Ал оқудан қуылғандар университетке қайтадан құжат тапсыр ала алғанымен, олар үшін мемлекеттік грант көзден бұлбұл ұшты. Қазіргі уақытта солардың 18-і адвокат жалдап, сот арқылы грантын қалпына келтіруге тырысып жатыр.

Бөлісу:


Загрузка...
Жариялағанstan.kz