Кино түсіру де, киноға түсу де қиын шаруа. Оған алдын ала әзірлік, актерлердің даярлығы қажет, бәрінен қымбаты – фильм түсіріліп болғанша барлық актерлердің тірі жүргені. Өкінішке қарай, өмір мен өлім арпалысқан заманда  қанша сақтансаң да зұм ажалдың кездейсоқ есік қағатын сәті болады. Әсіресе, киноға түсіп жатқан артистердің ажал құшуы көркем дүниелердің күл-талқанын шығарады.

Бүгін кино алаңында тосыннан көз жұмған 10 актер туралы айтпақпыз.

Хит Леджер – «Қиылдағы доктор Парнас»

Бұл – Хит Леджердің соңғы фильмі.  Ол ауруды басатын дәріні көп ішкендіктен кино түсірілім барысында көз жұмған. Осыған байланысты түсірілім уақытша тоқтатылып, сценарий жазушылар сюжетке бірқатар өзгерістер енгізеді.  Олар кейіпкердің бейнесін қайта-қайта өзгерту арқылы актердің өлгендігін білдіргісі келмейді. Ақыры  Джонни Депп, Колин Фаррелл және Джуд Лоу соңғы сәтке дейін басты рольді сәтті ойнап шығады. Артистер кинодан алған қаражаттарын Леджердің екі жасар қызы  Матильдаға тапсырады. Ал Хиттің фанаттары картинада айтылатын актердің  «Әлем тарихқа толы – комедия, мелодрама және кездейсоқ келетін өлім тарихы» деген сөзін жүректеріне жаттап алған.

Филип Сеймур Хоффман – «Ашқарақтар ойыны: Сойка-сайқымазақ»

Ол фильмнің соңғы түсірілімдері аяқталуға бір апта қалғанда көкнәрді шамадан тыс пайдалану салдарынан көз жұмды. Оның персонажы сюжетте негізгі кейіпкер болатын. Сондықтан Lionsgate студиясы оны өлтірмеуді жөн көреді. Ақыры  Плутарх Хэвенсби цифрлық технологияны пайдалану арқылы түсірілімді аяқтап шығады.

Пол Уокер – «Форсаж 7»

Пол Уокер Калифорнияның Санта-Кларита қаласында жол апатынан көз жұмды. Ол осында қайырымдылық шараларына қатысу үшін келген-ді.  Криминальды киноның жетінші түсірілімінің жартысына ғана түсіп үлгерген 40 жастағы актердің орнын жоқтатпаудың барлық амалдары қарастырылады. Сценаристер арада 4 ай өткенде  кейіпкерді зейнеткерлікке шығуды ойластырып, Полдың бауырлары Калеб пен Коди соңғы сәттерді ойдағыдай орындап шығады. 

Мэрилин Монро — «Бірдеңе болуы мүмкін»

Бұл фильм – Мэрилин Монро қатысқан соңғы туынды. Алғашында ол ауырып, түсірілім алаңында дау-дамай да туындайды.  Тіпті оны киноға түсірмеу мәселесі де көтеріледі. Алайда Монромен келісімшарт қайта жасалып, тамыз айында түсірілім басталмақшы болады. Дегенмен  Монро үйінде телефон тұтқасын ұстаған күйінде өлі табылады.

Қайғылы оқиғадан соң кино қайта түсіріліп, фильм «Мен оралдым, қымбаттым» деп өзгертіледі. Әйтсе де, әйгілі актер қатысқан кейбір тұстар кинода пайдаланылады.  Prometheus Entertainment компаниясы фильмді Мэрилин Монроның 75 жылдығына орай 2001 жылы 1 маусымда жұртшылыққа көрсетті.

Кэрри Фишер –  «Жұлдызды соғыс: Күштердің жандануы»

Кэрри Фишер 2016 жылы желтоқсан айында көз жұмды. Ол сегізінші эпизодқа да түсіп үлгерді.

Lucasfilm киностудиясының президенті Кэтлин Кеннеди ол туралы өте жақсы пікір білдірді. Туыстарының келісімімен кинолардағы бейнелерін пайдалану арқылы фильм соңына дейін түсіріледі.  Осыған байланысты сценарийге өзгерістер енгізілген.

Кіші Сергей Бодров – «Байланысшы»

Ол 15 жыл бұрын фильмді түсіру барысында көз жұмды. Кармадон шатқалындағы көшкін салдарынан 125 адам өлгенін жұрт жақсы біледі. Олардың қатарында Бодровтың 42 әріптесі де болды. Барлығы жоғалғандар тізімінде.

Киноны түсіру тамызға белгіленген-ді. Бірақ ол нәрестелі болуына байланысты барлық шаруаны қыркүйекке қалдырады. Қайғылы күні  түсірілім де 3 сағатке кешіктірілген. Ертерек қамданғанда мүмкін бәрі тірі қалар ма еді…

Джеймс Дин — «Алып»

Қауіпсіз көлік жүргізу тәсіліне байланысты әлеуметтік жарнамаларға түскен Джеймс Дин жол апатынан қайтыс болды.

Джеймс Дин өлер алдында «Алып» фильміне түседі. 24 жастағы актер бір картинаны түсіру ғана қалғанда  спорттық Porsche 550 Spyder көлігімен жолда Ford Custom Tudor-ға бетпе-бет соқтығысады. Марқұм осы фильмге түскені үшін «Оскар» сыйлығын алған.

Ол әлеуметті жарнамада көлік жарысы туралы сұрағандарға:  «Байқап жүріңіздер, өйткені сіздер құтқаратын адамның бірі мен болуым мүмкін» дейді. Ал арада бірнеше апта өткенде көлік үстінде көз жұмды.

Ривер Феникс — «Лас қан»

Америкада 90-жылдары жас жұлдыздар көшін бастаған Ривер Феникс нашақорлықтан қайтыс болды. Ол кезде «Лас қан» фильмін түсіруді аяқтауға 11 күн қалған еді.

Осының салдарынан жоба  19 жыл сақтандыру компаниясының  сейфінде жатады. Ақыры сақтау қоймасына қаржы төлемес үшін киноны жойып жіберуге ұйғарым жасалады.

Осыны естіген картина режиссері Джордж Слейзер «қайғылы күнге» екі тәулік қалғанда құлып ашатын шеберлер жалдап, түн ішінде сейфтен 700 кг пленканы  Голландияға алып кетеді. Сол жақта Eyeworks студиясының көмегімен Слейзер фильмді қалпына келтіріп, 2012 жылы жұрт назарына ұсынды.

Брюс Ли – «Өліммен ойнау»

Ол бас ауруын басатын дәріден өлген. Өйткені Брюс Лидің дәріге аллергиясы бар еді.

32 жастағы актер «Өліммен ойнау» фильміне түсіп жүрген. Картинаның басым бөлігі дублердің көмегімен түсіріліп, фильм тек 5 жылдан соң көрермендер назарына ұсынылған.

Брэндон Ли – «Құзғын»

Кино түсірілімінің соңғы сәттері жүріп жатқанда, ол ішінен оқ жарақатын алады. Онда кейіпкерлердің бірі  Брэндон Лиді ату керек болған. Өкінішке қарай, кино түсірушілер тапаншада оқ барын байқамаған. Актер көп қан жоғалтып, ақыры 12 сағаттан соң көз жұмады.

Робин Уильямс – «Миссис Даутфайр 2»

Робин Уильямсты өлерінен 4 ай бұрын газет-журналдар актердің «Миссис Даутфайр» фильміне түсуге келісім бергендігін жарыса жазды.

Ажал айтып келмейді. Актер қайтыс болған соң фильмнің жалғасы түсірілмеді.

Жолдасбек ДУАНАБАЙ

«Айқын» газетінен

 

Бөлісу: