Астанада «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының тұсау кесу рәсімі өтті. Аталмыш шараға қатысқан Мемлекет басшысы Н. Назарбаев жаңа кітаптарды жалпы білім беру мекемелеріне енгізіп, олардың негізінде электронды курстар дайындауды тапсырды, – деп хабарлайды «Қазақ үні».

Салтанатты шарада Елбасыға алғашқы 18 кітап таныстырылды. Тұсаукесер рәсімі аясында Президент еліміздегі  Мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты толғамды ойларын ортаға салып, барлық қазақстандықтар қазақ тілін білуі керектігін атап өтті.

«Біз қазір бізге дейін өзге де тәуелсіз елдер жасаған істі жасап жатырмыз. Әрбір мемлекет өзінің тарихын, мәдениетін, барлық құндылықтарын насихаттағысы келеді. Сондықтан біздің қазақ тілін насихаттап жатқанымызға ешкім таң қалып, шамданбай-ақ қойсын. Өйткені, қазақ халқы да бүкіл әлемге өзінің мәдениетін, тарихын көрсеткісі келеді, біз осы әлемнің бір бөлігіміз. Ал, жаңа оқулықтар жобасы гуманитарлық білімді жаңғырту, оқулықтарды жаңарту секілді маңызды міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған», — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, тұсауы кесілген оқулықтар ғылымның бірнеше саласын қамтыған, атап айтқанда, философия, әлеуметтану, психология, тілтану, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, дінтану, антропология және журналистиканы үйретеді.

“Қазақ үні” порталы

Бөлісу:


Загрузка...