Заманбек Нұрқаділовті еске алған Қарақат көңілі босағанын жасыра алмады (видео)

Танымал қазақ әншісі өзін 19 жасында той төріне шығарып, құрмет көрсеткен Заманбек Нұрқаділов туралы естелік айтып, елді жылатты. Айтуынша, өнер адамдарын үнемі қолдап жүретін ел ағасы оны баласынбай, керісінше сыйластықпен қараған. Бұл туралы әнші өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жазды деп хабарлайды NUR.KZ.

Заманбек Нұрқаділов пен Мақпалдың жалғыз қызы Мерейдің тұсаукесерінде қонақ болған Қарақат 19-ақ жаста болса да, ел ағасы оны құтты қонақтай сыйлап, төрге отырғызған.

 «Жігіттің төресі деген атаққа лайықты нағыз азаматтың бірі Заманбек ағамыз еді ғой… Әлі ел тани қоймаған балаң кезімнің өзінде жас деп жабырқатпай арқамыздан қағып дем беріп жүретін.

 

Небәрі 19 жастағы студент кезімде «Мерей құлыншаққа арналған үлкен тойдың қонағы болыңыз» деген шақырту алдым. Тойда ел танитын, атағынан ат үркетін қайраткерлер көп-ақ болды, сонда бізді баласынбай төріне шығарған Зәкең мен Мақпал апайымның көрегендігіне тәнті болып едім», — деп есіне алды әнші.

«Басшылық қызметте тұрғанда Зәкеңнің шапағатын көрмеген өнер қайраткерлері кемде кем шығар. Аға деп барған адамның бетін қайтармайтын беттілігі, дана деп барған адамнан ақылын аямайтын тектілігі бір төбе еді. Кейбір ел ағасы деп жүрген кісілердің сәл көтерілсе атын ұмытып қалатын кісілігін көргенде «қайран, Заманбек ағам-ай» деп бір күрсініп қоясың. Жатқан жерің жаннат болсын заңғар аға!», — деп жазды ол.

Әншінің бұл жазбасын оқыған оқырмандар да көзіне жас алғанын жарыса жазды.

https://www.instagram.com/p/BhXNzG_DdqA/?utm_source=ig_embed

Бөлісу: