2017 жылғы Нобель сыйлығының лауреаттары 2-9 қазан аралығында Стокгольм мен Ослода белгілі болады.

Нобель апталығы Стокгольмде Каролин медицина институтының Нобель комитетінде басталады. Бүгін мәскеу уақытымен12:30-да физиология немесе медицина саласындағы сыйлық иегерінің есімі жарияланады.

3 және 4 қазан күндері Швеция Корольдігі ғылым академиясының Нобель комитеті физика мен химия саласындағы жүлдегерлерді атайды.

Әдебиет бойынша Нобель лауреатының есімі қашан жария етілетіні әзірге белгісіз.

2016 жылы әдебиеттен Нобель сыйлығын америкалық ақын әрі сазгер Боб Дилан иеленген болатын. Академияның шешімі Швецияда біраз дау тудырды. Бірілері Диланды Нобель сыйлығына лайық деп тапса, енді бірі қарсы пікірде болған. Оның үстіне Диланның марапатты беретін Швед академиясының қоңырауына жауап бермеуі де қоғамда түрлі пікірталас тудырды.

2017 жылғы Нобель сыйлығын табыстау аптасы 6 қазан Ослода жалғасын табады. Жұма күні бейбітшілікті күшейтуге қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығын алатындардың есімі жарияланбақ. Биыл бұл тізімде 318 кандидат бар, оның 215-і – жеке тұлғалар, ал 103-і қоғамдық және халықаралық ұйымдар.

Былтыр бейбітшілік үшін Нобель сыйлығымен Колумбия президенті Хуан Мануэль Сантос марапатталған еді. Бұл марапат оған елде 50 жылдан астам уақыт жалғасқан, 220 мыңнан аса колумбиялықтың өмірін қиған азаматтық соғыстың аяқталуына қосқан үлесі мен күш-жігері үшін берілген болатын.

Нобель сыйлығын тапсыру аптасы 9 қазан күні Стокгольмде аяқталады. Бұл күні экономика саласындағы жүлдегердің есімі аталады.

Биыл әр Нобель сыйлығының сомасы 9 млн швед кронын (1 млн АҚШ доллары) құрап отыр.

Нобель сыйлығының лауреаттары қалай таңдалады?

Нобельдің өсиетхаты бойынша жыл сайын лауреаттарды жариялайтын мекемелердің жанында Нобель комитеті құрылған.

Кандидаттар тізімі бір жыл бойы қаралады. Жыл сайын қыркүйек айында түрлі елдегі мыңдаған профессорға, академиялық мекемелер мен бұрынғы Нобель лауреаттарына Нобель сыйлығының иегерін таңдауға қатысу туралы хат жіберіледі. Кейін, ақпан мен қазан арылығында, кандидаттар тізімі жасалып, лауреаттар дауыс беру арқылы таңдалады.

Кандидаттар тізімі 50 жыл бойы құпия сақталады, тек осы мерзім өткеннен кейін ғана оны жария етуге рұқсат етіледі.

Нобель лауреаттарының есімі қазан айының басында белгілі болады. Сыйлықты табыстау салтанаты Стокгольм мен Ослода жыл сайын 10 желтоқсанда, швед өнертапқышы, химик Альфред Нобельдің (1833-1896) қайтыс болған күні өтеді.

Былтыр барлығы 11 адам Нобель сыйлығын иеленген болатын.

BAQ.kz

Бөлісу:


Загрузка...