Ұшақ апатынан кейін арнайы штаб құрылды

Қайғылы оқиғадан кейін елордада арнайы штаб құрылды. Онда күні бойы апаттан көз жұмғандар мен зақым алғандардың туыстарына психологиялық-медициналық көмек көрсетілуде. Сондай-ақ жақындарының халін білмек болғандарға жедел желі қызметі қосылды. Ал, қан керек дегенді естіген қала тұрғындары арнайы орталыққа ағылды,  Еуразия бірінші арнасы.

Жаңадан құрылған штабта  ұшақта қаза тапқан және жараланғандардың туыстары жиналған. Ресми ақпаратқа сәйкес, олармен 20 психолог пен 5 жедел жәрдем көлік уәкілдері жұмыс істеп жатыр екен.

«Әйтеуір аман ғой?! Аллаға шүкір! Не айта аласыз? Барлықтарыңызға шыдамдылық, амандық тілеймін. Аман болайық, осындай жағдай болмасын», – деді зардап шеккен азаматтың туысы.
Арнайы штабқа 20-дан астам адам келген. Әлі де келіп жатыр. Кейбір адамдарды мамандар жетектеп жүрген көрінеді.

«Оларға шұғыл түрде психологиялық және медициналық көмек көрсетілді. Әуежайдың төтенше жағдайлар бойынша арнайы штабы қарқынды жұмыс істеп жатыр», – деп мәлімдеді «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайының ТЖ бөлімінің бастығы Марат Құндақбаев.

Жедел жәрдем қызметі де әуежайда. Туыстарының жағдайын мамандар айтып берді.

«Дәрігерлер барынша көмек көрсетіп жатыр. Бұл оңай емес. Марқұмдар мен зардап шеккендердің туыстары қазір стрестік жағдайда», – деді Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова.

Төтенше жағдай департаменті қабырғасында да арнайы штаб құрылған. Күнімен 200-ден астам қоңырау келіп түсіпті. Араларында қайғылы оқиғаны ауыр қабылдағандар да баршылық.

«Штабта тікелей тефондар орнатылды. Таңғы сағат сегізден бастап жұмыс істеп жатқан 211 хабарлама түсті халықтан. Оның үшеуіне психологиялық медициналық көмек көрсетілді телефон арқылы», – деді Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД азаматтық қорғау басқармасының аға офицері Эльдор Райымбеков.

Бұл күні апаттан зардап шеккендерге қан тапсырамын дегендер де көп болды. Ұшақ апатын барлығы да бұл біздің ортақ қайғымыз деп түсінеді.

«Бүгін шамамен 17 донор қан жасушаларын тромбоциттер тапсырып жатыр. 50-ден көп донорларымыз қанның тұтас бөлігін тапсырып жатыр», – дейді трансфузиология ғылыми өндірістік орталығы бөлімінің дәрігері Зәуреш Әлменова.

«Бек Эйр» компаниясына тиесілі әуе кемелерінің ұшуы тоқталтылған. Салдарынан кейбір азаматтар діттеген жерлеріне жете ала алмай отыр. Солардың бірі Александр есімді жолаушы. Жүрек ақауына шалдыққан азамат Қызылордаға жетуі тиіс болыпты.

«Ешкім ештеңе түсіндіріп айтпады. Менің жүрегімде жасанды аппарат тұр. Елордаға профилактикаға келгем. Қызылордаға қайта алмай отырмын. Ресми өкілдер келіп мәлімдеме жасамады. Рейсімді тоқтатты. Бірақ қанша сағатқа, қанша күтуім керек екені белгісіз. Таңнан бері отырмын осында», – деді жолаушы.

Қайғылы оқиғада кезінде көз жұмғандардың туыстарына елордадан Алматыға қатынайтын ұшақтарға тегін билеттер беріліп жатқандығы туралы ақпарат шыққан. Қазіргі кезде үш адам бас қаладан оңтүстік астанаға жол тартқан.

Бүгінгі жаңалықтар