“Бірінші рет рейске ұйықтап қалдым”. Bek Air ұшағына кешігіп қалған жолаушының оқиғасы
Елордалық Асхат Өтепов Нұр-Сұлтанға Bek Air ұшағымен жетуі керек болған, алайда ол өмірінде бірінші рет ұйықтап қалып, рейске кешіккен, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
“Жұмысыма байланысты ұшақпен жиі жүремін, бірақ әуежайға ерте келіп алатынмын. Бұл жолы қонақ үй қызметкері таңғы бесте оятты. Мен ояндым да онлайн-тіркелуден өттім. Үлгеремін деп ойладым да, ұйықтап кетіппін. Оянсам таңғы тоғыз болған. Барлығы қоңырау шалып, екінші туған күніммен құттықтап жатыр, мен болсам не болғанын түсінбеймін. Жаңалықтарды ашсам, мынадай жағдай екен”, – дейді Асхат.
Оқи тырыңыз: Қытай соты Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты үкім шығарды
Ер адамның айтуынша, сол рейспен барған жағдайда аман қалуы екіталай еді, өйткені оның орны алдыңғы қатарда (5А). Соған қарамастан ол үйіне ұшақпен қайтатын болып отыр. Асхатты үйінде ата-анасы, жары және үш баласы күтіп отыр.
Бүгін сағат 07:22-де Bek Air әуе компаниясының № Z2100 Алматы – Нұр-Сұлтан бағытындағы рейсі ұшу кезінде биіктікті жоғалтып, бетон қоршауға соғылған. Нәтижесінде екі қабатты ғимаратпен соқтығысқан. Бірден құтқару жұмыстары басталды, өрт шыққан жоқ.