Алматыда енді такси қызметімен кез-келген жүргізуші айналыса алмайды

Шенеуніктер қазір қалада бірде-бір ресми тіркелген таксопарктің жоқтығын айтады.

Автобус жолағымен такси де жүретін болады. Алматы әкімдігі қала көшелеріндегі арнайы жолақпен жолаушы тасымалдайтын жеңіл көліктердің жүруіне рұқсат бермек. Тек бұл мүмкіндік таксопаркте ресми тіркелген көліктерге ғана бұйырады. Яғни көлікте таксометр, кассалық аппарат, арнайы таңба болуы тиіс. Бұл туралы  КТК арнасы хабарлады.

Шенеуніктер қазір қалада бірде-бір ресми тіркелген таксопарктің жоқтығын айтады. Тасымалдаушы көліктер тек жекеменшік диспетчерлік компаниялармен тікелей жұмыс істеп келген. Сөйтіп олар ешқандай тізімде болмаған және ешкім тексермейді. Ал бұл жағдайды «заңсыз» деген әкімдіктегілер мәселені майшаммен қарап, осындай байламға келіпті. Бұған қоса, қала тұрғындарынан да такси тасымалының сапасына қатысты шағым көбейген екен. Енді әкімдік жаңа жүйеден көп нәтиже күтіп отыр. Ондағылардың айтуынша, бұл жүйенің такси қызметінің сапасын көтеріп, аталмыш саладағы көлеңкелі ақша айналымымен күресуге пайдасы тимек.

«Ең бірінші, ресми жүзеге асыратын ұйымдар бізге жергілікті атқарушы органдарға хабарлама жіберу керек. Екіншіден, өз автокөлік құралына қойылатын тиісті талаптары бар, яғни үстінде қойылатын шашкалары болу керек. Және автокөлік ішінде сервистік құжаттар, кассалық аппарат болуға тиісті»,- деді Алматы қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Қанат Байқоңыров.